Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл “Dostar new” ЖШС өндіріс қуаттылығы 2 есеге артты

Ораз Кенжебаев – “Dostar new” ЖШС дәнекерлеушісі, Қызылжар ауданы:


– Өнімдерді сапалы етіп жасаймыз. Себебі олар ғимаратты тұрғызуға жұмсалады.

Қазіргі таңда “Dostar new” серіктестігінде 70 адам еңбектенеді. 20-сы қатарға жазда қосылған. Еңбеккерлердің жалақысы 100 мың теңгенің маңайында.
Қазір жұмысшылар құрылыс компанияларының тапсырысын орындауда.
Соңғы 3 жылда металл құрылымдарын өндіреді. Ұзынша келген материалды қысқартып, қажетті жерін дәнекерлейді. Бұл металл қаңқаларын құрылысшылар көп кешікпей облыс орталығында тұрғызылып жатқан нысандарға пайдаланады.

Мұнда бөлек металл құю және ағаш шеберханалары бар. Онда бес саусағынан бал тамғандар ағаштан түрлі қалыптар жасап, оған алюми́ний, болат және шойынды құйып, сан алуан шағын архитектуралық дүниелер әзірлейді. Осы мақсатқа компания 4 млн теңге жұмсап, ағаш өңдеу, кептіру және бояу қондырғыларын сатып алған.

Әлібек Мұхамадиев – “Dostar new” ЖШС бас инженері, Қызылжар ауданы:


– Биыл өнімнің жаңа түрін шығара бастадық. Темірден орындық, қоқыс жәшіктерін тағы да басқа шағын архитектуралық формаларды жасаймыз. Жақында Астанадағы ботаникалық бақтың тапсырысын толығымен орындап біттік.

Бұдан өзге “Dostar new” компаниясы жыл сайын бетон араластырғыш машинаның 30 данасын жинайды.

Сондай-ақ, мұнда ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғыларына қажетті саймандар әзірлейді. Былтырғыға қарағанда биыл серіктестіктің өнімдеріне сұраныс 1,5 есеге ұлғайып, өндіріс қуаттылығы 2 есеге артыпты. Үстіміздегі жылы мұндағылар жалпы сомасы 100 млн теңгенің тапсырысын алған. Бүгінде қаражаттың 80 пайызы игеріліпті.

Берік Қасен