Мәдениет

М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінде ақын Назгүл Өтенованың есіміндегі дәрісхана ашылды

Кейін қонақтар мен студенттер шығармашылық кеште бас қосты. Бұл аудиториядан әлі талай Назгүлдердің шығуы ғажап емес деді өз сөзінде облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Каримова.

Гүлмира Каримова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Назгүл Тельманқызы өте дарынды ақын болған. Бүгінгі шара колледж студенттері үшін маңызды. жас ұрпақ болашағына бағдар береді.

Назгүл Өтенова Жамбыл ауданының Үлгі ауылында 1967 жылы дүниеге келіпті. Отбасындағы алғашқы перзент 92 жылы 24 жасында жол көлік оқиғасында қаза тапқан. Артында ата-анасы мен 8 бауыры қалыпты. Бұл шараға елордадан екі сіңлісі келді. Олардың бірі, Шолпан Өтенова, әпкесінен айырылған күнді күйінішпен еске алады.

Шолпан Өтенова – Н.Өтесованың сіңлісі:

– Жамбыл ауданының Благовещенка селосының маңайында автобус пен жүк көлігі соқтығысып, әпкем қайтыс болды. Ол өте зерек, алғыр, басқалардан өзгеше болды. Айыртау мектебінде мұғалім, газетте тілші болды. Қайтыс болғанға деін әкімдікте қызмет атқарған еді.

Жиынға Назгүл Өтенованың қаламгер және айтыскер ақын ретінде қалыптасуына серпін берген ұстазы Дәстен Баймұқанов та қатысты. Бұл азаматтың жетекшілігімен Назгүл қыз суырып салмалық өнердің қыр сырын меңгерген. Облыстық, тіпті республикалық ақындар айтысына қатысып, қанжығасына жүлделер де байлапты.

Дәстен Баймұқанов – “Қазақ тілі” ҚБ төрағасы:

– Оның сөйлеуі, сөздері мен сөйлем құрауы өте ерекше болатын. Өлеңдерімен танысқанда оның жарлары маған ерекше әсер етті. Қазақстандағы, Ресейдегі айтыстарға қатысты.

Назгүл Өтенова 1987 жылы дәл осы гуманитарлық колледжді тәмамдаған. Өмірі қысқа болса да ұстаздық етіп, аудандық газет тілшісі қызметін атқарып үлгерген. Ақын атындағы дәрісхананы ашу жайлы ой колледж директоры Ерлік Жанділдинге тиесілі. Шағын болса да әдемі, жабдықталған жарық дәрісхана өскелең ұрпаққа аққан жұлдыз іспетті жерлес ақын қыз бен оның шығармашылығы жайлы еске салып тұрмақ.

Саят Ермек