Балалар

Президенттік шыршаға дайындық шаралары жүріп жатыр

Бүгін міне осы мерекеге арнап костюмдерін сайлаған балалар, жаңа жылдың келуін тосып жүр. Солардың бірі балалар үйінің тәрбиеленушісі – Яна Ахмадеева. 11 жасар Яна үшін осы жылғы мереке ерекше болмақ. Себебі ол алғаш рет Президенттік шыршаға қатысқалы отыр. Содан болар аздап қобалжығаны бар.

Яна Ахмадеева – “Балалар үйінің” тәрбиеленушісі:

– Костюмім көңілімнен шықты. Жылтырап, көздің жауын алады. Президенттік шыршаға бару менің арманым болатын. Көп ұзамай ол орындалатын болды.

Айта кететіні, осыған дейін балалар үйінде тігілген костюмдердің әр бірі киім үлгісінің байқауында жоғары деңгейде бағаланып, 1 – ші орындардан көрінген. Ал биылғы композицияның атауы – “Күн мен түн” және “Жұлдызшы”. Екі костюм де бұрынғыларынан өзгеше етіп пішіліп, тігілген. Бұл ретте Светлана Рисслингтің еңбегі зор.

Светлана Рисслинг:

–  Біздің балалар Президенттік шыршаға жыл сайын қатысып отырады. Бұл жолы біз бірін-бірі толықтырып тұратын композиция жасауды ұйғардық. Бұл костюмдерді бір ай көлемінде тігіп шықтық. Мен үшін жағаларын тігу қиынға түсті. Себебі, ол біріншіден әдемі, ал екіншіден ыңғайлы болу керек.

2-ші түзету мектеп – интернаты бөлмелерінің бірінде де қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Бірнеше минуттан соң костюмдер дайын болады. Балалар Президенттік шыршаға ертегі әлемінің кейіпкерлері Василиса премудрая мен Иван цареевич кейіпінде аттанбақ. Елена Куксаның костюмі әдемі жапсырмалы моншақтар және алтын түсті бастырмалармен безендіріліпті. Киімі дайын бойжеткен енді шыршаға баратын күнді асыға күтуде.

Елена Кукса – №2-ші түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

– Бұл костюмді киген кезде өзімді ханшайым сезінемін. Барлығына әдемі көйлегімді көрсетуге асықпын.

Костюмдерден бөлек, балалар бұл мерекеге арнап жаңа жылдық өлеңдерін де дайындапты.

Дәстүрге айналған Президенттік жаңа жыл мерекесі биыл Винокуров атындағы спорт сарайының мұз айдынында өткізілмек.

Ғалия Ілиясова- СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Перезиденттік шырша 21-ші және 22-ші желтоқсан күндері өтеді. Бұл шараға оқуда озат, қоғамдық өмірге белсенді қатысатын оқушылар, сондай-ақ, аз қамтылған және ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларар қатысады. Оларға қызықты бағдарлама мен ерекше сыйлықтар дайындалған.

Жалпы Перзиденттік шыршаға 9 бен 13 жас аралығындағы 200 солтүстікқазақстандық жасөспірім қатыспақ.

Молдир Макишева