Құқық қорғау органдары

CҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңестік органның отырысы өтті

Жасұлан Ахметов – CҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңестік органның төрағасы:

– Қоғамдық тәртіпті қадағалауға әрбір тұрғын атсалысуы қажет. Жұмыла күш біріктірген кезде ғана атқарған істің нәтижесі жақсы болады. Алдағы уақытта кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткіземіз. Азаматтарға консультативтік-кеңестік органның жұмысы жайлы айтпақшымыз. Себебі біздің бірлестік туралы көбі біле бермейді екен. Жыл басынан небары 15 адам жүгінді.

Жиын барысында Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ бастығы 8 айды қорытындылады. Жыл басынан облыс орталығында 44 242 құқықбұзушылық тіркелген. Соның тең жартысына 182 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Асан Смағұлов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ бастығы:

– Учаскелік полиция инспекторлары берешегі барлармен жүйелі жұмыс жүргізеді. Деректер базасы ай сайын жаңартылып тұрады. Бұл істе полицейлерге университет және колледж студенттері көмектеседі. ІІО-дары кәсіпкерлер палатасымен де тығыз байланыста. Сол мекеме мамандарының өтініші негізінде мыңға жуық адам заң алдында жауапкершілікке тартылды. Олар тауарларын белгіленбеген жерде өткізген. Тағы 60 тұрғынның алкогольдік ішімдікті заңсыз сатқанын анықтадық.

Асан Смағұловтың айтуынша, қоғамдық орындардағы бұзақылықты азайтуға бейнекамералар зор септігін тигізуде. Бүгінде 1120 пәтер күзет қызметін пайдаланады. Қалада баспананы тонау өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға кеміпті.

Берік Қасен