Қоғам

2018 жылы зейнетақы мөлшері 8 пайызға артады

Соның бірі – халыққа зейнетақы мен жәрдемақы беру. Жыл басынан аталған ведомство өкілдері теріскейліктерге 83 млрд 666 млн теңгенің төлемін жасаған. Осы орайда брифингте департамент директорының орынбасары келер жылғы зейнетақы жайын да айтып өтті.

Арман Жамұков – СҚО бойынша «Әлеуметтік төлемдерді ведомствааралық есептеу орталығы» департаменті директорының орынбасары:


–  2017 жылдың 1-ші желтоқсанында өңірімізде орташа зейнетақы мөлшері, базалықпен қоса есептегенде 63 мың 431 теңгені құрайды. Келер жылы оның мөлшері 8 пайызға артады. Осылайша теріскейлік тұрғындардың зейнетақылары 68 мың 967 теңгені құрамақ.

Ал, облыстық “Халыққа қызмет көрсету орталығы” тұрғындарға 1 миллион 300 мыңнан аса мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның 800 мыңы электронды түрде жүргізіледі. Бұған қоса, ведомство мамандары автокөлік иелеріне де көмек беруде. Жыл басынан бері 60 мыңнан аса жүргізуші түрлі құжатын рәсімдепті. Департамент өкілдері мүгедек жандарды назардан тыс қалдырмақ емес. Олар 1414 телефон нөміріне түскен қоңырау арқылы денсаулығы нашар жандарға үйлерінде қызмет көрсетеді. Тіпті, ауылды жерлерге де шығады.

Әсет Қайыржанов – СҚО бойынша “Халыққа қызмет көрсету орталығы” департаменті директорының орынбасары:


–  Өңірімізде мобильдік “Халыққа қызмет көрсету орталығы” құрылған. Арнайы мамандар белгілі бір уақытқа сай шалғай орналасқан ауылдарға барады. Мәселен, жыл басынан бері елді мекендерге 600-ден аса сапар жасалды. Нәтижесінде 37 мыңнан аса қызмет көрсетілді. Оның 2 мыңға жуығы мүгекдек жандарға берілді.

Сонымен қатар, брифингте СҚО бойынша “Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру” департаменті директорының орынбасары Марат Қасеновтің де баяндамасы тыңдалды. Бұл ведомство қазіргі күні тұрғындарға 10 мемлекеттік қызмет түрін ұсынып отыр. Алдағы уақытта жер-құрылыс кадастрын жеңіл жолмен рәсімдеуді көздейтін жаңа пилоттық жоба іске қосылмақшы.

Марат Қасенов – СҚО бойынша “Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру” департаменті директорының орынбасары:


–  Қазіргі күні тұрғын жер-құрылыс кадастрын алу үшін департаментке келеді. Ал, пилоттық жоба аясында сол құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдеуге де мүмкіндік туады.

Жалпы, жер-құрылыс кадастрын алуға арналған пилоттық жоба 2018 жылы іске қосылады деп мкүтілуде.

 

Байболат Бектемірұлы