Арман Тілеулесова – “Бекет” ФҚ сауу қондырғысының операторы, Ақжар ауданы:
– Автоматтандырылған басқару жүйесі әр сиырдан шыққан сүттің нақты көлемін анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін ірі қараның мойны мен аяғында арнайы чиптер орнатылған. Сонымен қатар, бағдарламаның көмегімен сиырлардың денсаулығын қадағалап отыруға болады.
Мұнда, сондай-ақ, сауылған сүттің майлылығы мен қолданысқа жарамдылығын тексеретін зертхана және мал дәрігерінің кабинеті де бар. Жалпы, қондырғылардың бәрі Германиядан әкелініпті.
Берік Мұхамедьяров – “Бекет” ФҚ меңгерушісі, Ақжар ауданы:
– Мұнда бәрі еуропалық стандарттарға сай жасалған. Бір ірі қара күніне екі рет сауылады. Қондырғылардың бәрі зарарсыздандырылған. Сүт ваккум арқылы 6 мың тонналық салқындатқыш танкерге түседі. Кейін өнімнің майлылығы тексеріледі.
Бұл ауқымды жобаға “Бекет” фермерлік қожалығының директоры Марат Шапенов 1,5 млрд теңге қаражат құйған. Оның 180 миллионын “Бизнестің жол картасы-2020” бағдаралмасының аясында алыпты. Жаңа сүт-тауарлық ферма 15 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыды. Жалпы, “Бекет” фермалық қожалығында етті және сүтті бағыттағы 1608 бас зеңгі баба төлі күтіп-бапталады. Бұған дейін қожалық сүтті Дәуіт ауылы тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру үшін ғана өндіріпті. Енді елдің ішкі нарығына шығуды көздеп отыр.
Марат Шапенов – “Бекет” ФҚ директоры, Ақжар ауданы:
– Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуде. Осының арқасында сүт-тауарлық ферма аштық. Бір сағат ішінде 130 сиыр сауылады. 600 ірі қарадан сүт алу үшін 5 сағат уақыт кетеді. Қалалардағы ақ өндіруші зауыттарға жөнелтпекпіз.
Мына ірі қара болса, Талшық ауылының тұрғыны – Абзал Тұрлыбековке тиесілі. Бұған дейін азамат жүк тасымалымен айналысып, отбасын асыраған. Ал үстіміздегі жылдың маусымында “Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының аясында 4 млн теңге көлемінде несие алып, 15 бас ірі қара сатып алыпты. Енді оларды төлдетіп, мал санын арттыруды көздеп отыр.
Абзал Тұрлыбеков – “Санжар” ЖК директоры, Ақжар ауданы:
– Малды өсіріп, төлдетіп көбейтпекпін. Бұзауларды жемге қойып, сату ойымда. Ірі қараны ауылдықтардан сатып алдым. Бір-біреуі орташа есеппен 180 мыңға шықты.
Берілген несиенің шарттары оңтайлы дейді шаруа. Бизнес ашу үшін алған қаражатын ол 7 жыл ішінде қайтарады, үстемесі жылына 6 пайызды құрайды. Аяқтанып алу үшін кәсіпкерге 1,5 жыл “демалыс” та берілген. Яғни несиені өтеуді ол 2018 жылдың қазанында бірақ бастайды. Қазір Абзал ауылдың бір тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Жалпы Ақжар ауданы бойынша “Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында жыл басынан бері 23 несие берілген.
Бөгенбай Жұрынтаев – Ақжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
– Аудан бойынша 23 адам аталған бағдарлама қатысушысы атанды. Бәрі несие алып, кәсібін дөңгелетуде. 20 шақты жұмыс орны ашылды. Әлі 11 адамды жұмыспен қамту жоспарда.
Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде 72 сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді. Олар жылына жарты миллионға жуық тонна сүт өндіреді. Тең жартысынан май, қаймақ, ірімшік секілді сүт өнімдері жасалады. Жергілікті тауар Қазақстан мен Ресейдің бірнеше қаласына жөнелтіледі.
Саят Ермек