Қоғам

Петропавлдағы әскери-техникалық мектепте әскери даярлықтан өткен 32 жігіт әскери ант қабылдады

Бұл жауынгердің әрбірі мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті пайдаланып, өмірінде бір рет әскери ант қабылдауды міндетім деп біледі. Солардың бірі Саян Дүйсенов. Оның болашаққа таңдаған мамандығының әскери қызметке қатысы жоқ. Өңір тұрғыны өнер саласына бет бұрған. Домбырашы жігіт әскери билетін алған соң облыстық филармонияның Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінде қызметін жалғастырмақ.

Саян Дүйсенов – қатардағы жауынгер, СҚО:

– Әсери-техникалық мектепте ойдағыдай оқып шықаныма қуаныштымын. 40 күннің ішінде біраз нәрсені үйрендім. Болашақта осындағы мұғалімдердің өмірге қажетті үйреткенін қолданамын деп ойлаймын. Әбрбір ер азамат әскери ант қабылдау керек деп санаймын. Бізге тәлім берген әскери тәртіпке үйреткен мамандарға алғысымды айтамын.

Осы күні 32 жігіт ант қабылдады. Олар 40 күн бойы Петропавлдағы әскери-техникалық мектепте тиісті даярлықтан өтіп, қатаң тәртіппен өмір сүрген. Араларында қостанайлықтар бар. Бүгінде аталған қалада әскери-техникалық мектеп жоқ. Сондықтан, олар Қызылжар өңіріне келіп оқиды. Жалпы ел бойынша жас азаматтарды әскери даярлықтан өткізуге маманданған 16 әскери мектеп бар екен.

Игорь Четверов – Петропавлдағы әскери-техникалық мектебінің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі инспекторы:

– Бұл жігіттер оқуларын аяқтап, емтихан тапсырды. Бүгін енді ант қабылдап жатыр. Бірер күннен кейін оларға әскери билет табысталады. Қатардағы жауынгерлердің әрбіреуі “Атқыш” маманы ретінде әскери есепке алынады.

Әскери билет қолдарына тиген соң жол ашық. Бұл жігіттер қалаған ісімен айналысып, келісім шарт негізінде кез келген күш құрылымдарында әскери қызметкер ретінде орналаса алады. Жастары 24-тен асқан жігіттердің орта, орта арнаулы және жоғары білімдері болуы тиіс.

Берік Қасен