МТРА жаңалықтары

Өңірде жыл басынан бармақ басты көз қыстылыққа жол берген 24 лауазымды тұлға жауапкершіліке тартылған

Сондықтан болар оларға деген журналистердің де сауалдары көп. Мысалы, қазан айында ұсталған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владмир Безлер мен оның қарамағындағыларға қатысты іс барлығы үшін қызықты. Ол туралы сыбыс естілді, бірақ ведомство ресми түрде ешбір мәлімет бермеді. Бүгін де төртінші билік өкілдерінің бұл тұрғыда қойылған сауалына мардымды жауап болмады.

Асылбек Едіресов – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

– Шынымен де, бізде қазір бұл іс қаралып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғалары заңсыз әрекет етіп пара алған. Өзге ақпаратты әзірге жария ете алмаймыз.

Жалпы жыл басынан өңірде осындай 30 қылмыстық іс жасалып, 24 лауазымды тұлға жауапкершіліке тартылған екен. Мемлекетке 500 млн теңгеге жуық қаржы қайтарылыпты. Ал биыл жасалған ең ірі осындай сыбайлас жемқорлық фактісінің бірі ауыл шаруашылығы саласында орын алған.

Асылбек Едіресов – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

– Сақтауда жатқан астықты облыстық «Азық-түлік келісім шарт корпорациясының» басшысы мен серіктестік директоры жымқырған. Олар мемлекетке 400 млн теңгеге жуық шығын келтірді. Бұл соманы кінәлілер толығымен өтеді. Факті бойынша тергеу жұмыстарын аяқтап, сотқа жібердік. Оларға мемлекеттік қазынаны жымқырды деген айып тағылып отыр.

Тағы брифингте күні кеше заңнамаға енгізілген өзгерістер жайлы да айтылды.

Данияр Мүсілімов – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Құжатқа сәйкес, құқық қорғау органдарының жұмыстары біршама өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, енді жасырын тергеу амалдарына санкцияны судья береді. Сонымен қатар, күдіктілерді ұстау мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарды. Ал кәмелеттік жасқа толмағандар үшін бұл уақыт 24 сағатқа дейін азаяды. Экономикалық қылмыстар кезінде күзетпен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы да өзгеріске ұшырады.

Яғни, алдағы уақытта экономикалық қылмысқа жол бергендер процессуалдық келісімге келіп, айыппұл төлеп бостандыққа шыға алады. Бұл оларды жылдар бойы түрмеде ұстап, мемлекет қаржысына асырағанша, әлдеқайда тиімді болмақ.

 

Магжан Ахмадина