Қоғам

Жерлес кәсіпкер Гарик Бернецян “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасына енді

Гарик Бернецян – “Титан-Север” ЖШС директоры:

– Балабақша 140 орынға шақталған. Нысанның құрылысына өз қалтамнан 530 млн теңге жұмсадым. Мемлекеттік жеке-меншік әріптестік бағдарламасының аясында енді бұл соманы мемлекет 3 жыл ішінде қайтарып береді. Бұл халық үшін де, билік және кәсіпкерлер үшін де өте тиімді жоба. Алайда, жергілікті бизнесмендердің көбі бұл туралы білмейді. Сондықтан ісін дөңгелетіп отырғандарды бұл бағдарламаның белсенді мүшесі атануға шақырамын.

Бұл компания тұрғызып жатқан 3-ші балабақша. Материалдардың 80 пайызы отандық. Қажетті қондырғылар мен жиһаздың бәрі дайын, тек құрылыс аяқталса болғаны. Ал ең қызығы, балабақшада лифті де орнатылатын болады. Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік жеке-меншік әріптестік бағдарламасының аясында бизнесмен Гарик Бернецян басқарып отырған серіктестік Петропавлда 2 бірдей балабақшаның қабырғасын қалап, 400-ден аса балғынды мектепке дейінгі білім беру ошақтарымен қамтыған.

Кәсіптен нәсіп тауып, отбасын асырап қана қоймай, кәсіпкер осылайша шаһар дамуына да сүбелі үлесін қосып жүр. Осындай еңбегімен ерекшелінген жерлесіміз Қазақстаның 100 жаңа тұлғаларының қатарынан көрінді. Ұлты армян болса да жүрегі Қазақстан деп соғатын жандардың бірі. Себебі ғұмырының саналы бөлігін осында өткізген, табыстың кілтін де теріскейден тауыпты.

Гарик Бернецян – “Титан-Север” ЖШС директоры:

– Арменияның Рейна-Кан қаласында туып-өстім, мектепті де сонда тәмамдаған едім. 1988 жылы туған жерімде қатты жер сілкінісі болды. Сол кезде Ресейге қоныс аудардым, ал 91 жылы Қазақстанға келдім. Міне, 26 жылдың жүзі болды, Петропавлда тұрып, бизнеспен айналысып жүрмін. Қазақстанды Отаным санаймын, себебі шаңырағымды осында көтердім. Менің сұлу жұбайым және 6 балам бар.

11 жылдың ішінде Гарик Бернецян басқарып отырған “Титан-Север” компаниясы өзін жол құрылысы саласындағы сенімді медігер ретінде танытып үлгерді. Өңірдегі жолдардың жүздеген шақырымын осы серіктестіктің бригадалары төсеп, қолданысқа берген. Жұмысың өну үшін қоластыңдағыларға тиісінше жағдай жасау керек дейді серіктестік басшысы. Сондықтан, жұмысшылардың жалақысы уақытылы төленіп, оған қоса сыйақылар да жиі беріліп тұрады. Мұны еңбекерлердің өздері айтып отыр.

Геннадий Голодников – “Титан-Север” ЖШС құрылыс жұмыстарының басшысы:

– Гарик Бернецян өте қатал, бірақ әділ жетекші, жауапты адам. Бұл кісімен жұмыс істеу жеңіл, себебі ол қарамағындағыларды тыңдай біледі. Жақсы жұмыс істегендер сыйақы алып жатады. Баспанасы жоқ құрылысшыларға да көмек көрсетеді.

Еліміздің 100 жаңа есімдерінің қатарынан көрінемін деген ой Гарик Бернецянның үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. Желтоқсаның бірі Елбасы Н. Назарбаевпен кездескен көп қайраткердің арасында ол да бар. Ұлт көшбасшысымен тілдесіп, қанаттанып қайттым дейді ол.

Гарик Бернецян – “Титан-Север” ЖШС директоры:

– Бұл кездесуді ұзақ күттім, міне, жуырда арманым орындалды. Кеудемді мақтаныш пен қуаныш сезімдері кернейді. Президент менің өмірге деген құштарлығымды оятты. Қазір жұмысыма жақсы көңіл күймен барамын, үйге күліп келемін. Бізді батырсыңдар деді ол. Елбасынан мұндай мақтау есту зор қуаныш. 100 жаңа есім тізіміне кіргеніме сене алмай жүрмін. дауыс бергендерге айтар алғысым шексіз.

Гарик Бернецян қарттар мен балалар үйлеріне жиі көмек көрсетіп отырады. Зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар да оның назарынан тыс қалып көрген емес. Мұның бәрін кәсіпкердің өзі айтпағанымен, өзгелерден сұрап білдік. Өйткені игі істері жайлы кеуде қағуды оның жаны сүймейді. Бизнесменнің алға қойған мақсаты көп. Мемлекеттік жеке-меншік әріптестік бағдарламасының аясында ол әлі де бірнеше нысан тұрғызып, шаһарды көркейтпек.

Саят Ермек