Білім

Мектеп оқушылары арасында үздік жас экскурсия жүргізушісі анықталды

Әсемгүл Қыдбекова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені директорының орынбасары:

– Қаланың 4 мектебінен оқушылар қатысуда. Олармен тығыз жұмыс жасаймыз. Бұл байқау биыл бірінші рет ұйымдастырылды.

Осымен екінші жыл “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінің жанында “Жас экскурсия жүргізушісі” үйірмесі жұмыс жасап келеді. Қатысушылардың бәрі – аталған үйірменің тәрбиеленушілері.

Әсемгүл Қыдбекова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені директорының орынбасары:

– Бұл үйірмеге қатысқан балалар екі жыл бойы қаланың мұражайларын аралап, көп ақпарат алып, тәжірибе жинады. енді көрген білгендерін бүгінгі сайыста көрсетіп бағуда.

Сайыскерлер үш айналымда сынға түсті. Әр қатысушы алғашында қазыларды өзімен, мектебімен және білім ошағындағы музейімен таныстырды, екінші айналымда қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетіп, ұлттық тағамдары жайлы ақпарат берді.

Үшінші айналым “Тосын сый деп аталды”. Балғындар жеребе тартып, өздеріне берілген тапсырманы бірнеше минуттың ішінде орындады. Қатысушылардың бірі – №2 орта мектептің 7-сынып оқушысы Мирас Құрманғалиев. Байқауға ол қазақтың ұлттық тағамы наурыз көже жайлы баяндама дайындап келіпті.

Мирас Құрманғалиев – №2 орта мектептің оқушысы:

– Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылыққа кенеледі деген сенім бар. Көженің құрамына 7 ас түрі кіреді. Мен сайысқа ұзақ дайындалдым. Жеңгім келеді.

Байқау қорытындысы бойынша “Үздік жас экскурсия жүргізушісі” атағына С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы Меруерт Әшімова лайықты деп танылды. Жеңімпаздарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Саят Ермек