Мәдениет

“Дәстүрлі ән-халық мұрасы” атты облыстық семинар өтті

Ән өнері әрбір қара домалақ қазақ баласының қанына сіңген. Алайда, Ақан сері, Біржан салдардан қалған асыл мұра бүгінде жастардың арасында өз құндылығын жоғалтып барады. Сондықтан, бұл семинар дәстүрлі ән өнерін шаһар және аудандарда тиісті деңгейде дамыту жайын бір жақты етуді көздейді.

Таңат Бейсенбаев – облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының қазақ шығармашылығы бөлімінің жетекшісі:


– Дәстүрлі өнер түрлері біздің облыста кенде қалып жатыр. Оны жандандыру үшін бүгінгі семинарды ұйымдастырдық. Желтоқсаның 8-і айыртау ауданында дәстүрлі ән байқауы өтеді. Бүгінгі шара оның әлқиссасы.

Семинарға Петропавл және өңірдің 13 ауданынан жиналған мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Оларға күміс көмей дәстүрлі әнші әрі өнер колледжінің оқытушысы Жанат Айтбаев дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісті. Ұлттық ән өнерін дамытүдың кепілі білім және мәдениет салаларының бірлесе атқарған жұмысы дейді ол.

Жанат Айтбаев – Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің оқытушысы:

 


– Білім мен мәдениет басқармалары бірігіп, осы мақсаттағы жобаны іске қосса деймін. Түлектерге баспана беріп, жағдай жасаса олар ауылға барады, балаларды баулиды.

Ең алдымен мамандарды аудандарға бағыттау керек. Өйткені ауыл балаларын домбыраға баулып, дәстүрлі өнердің тұңғиығына сүңгітер мұғалімдер тапшы дейді жиналғандар. Онымен қоса, ән, күй, терме байқауларын, айтыстар өткізуге баса ден қою керек. Жиын соңында қатысушыларға осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру барысында көмек болатын арнайы әдістемелік нұсқаулықтар табысталды.

Акбопе Танирберген