28 жылдық мол тәжірибесі бар педагог конкурсқа “Дүниетану” пәні бойынша әзірлеген әдістемелік жобасын ұсынған. Жоба мақсаты – оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру. Нәзкжанды бұл тапсырманы ойдағыдай орындаса керек. Күллі ел ұстаздары ат салысқан жобада жерлесіміз 1-ші орынға ие болды. Бастауыш сынып мұғалімі алдағы уақытта әдістемесін сабақтар барысында кеңінен қолданбақшы.
Шынар Мұқашева – Новоишим №1 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
– Мектепте жұмыс істегелі балалардың оқуға деген қызығушылығының төмен екендігін байқадым. Осы мақсатта конкурсқа жеке әдістемемді ұсындым. Балаларды оқыту барысында зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды арттыру қажеттігін көрсеттім. Сонымен қатар, тапсырмаларды балалардың ойлау қабілетіне қарай бөлген жөн деп санаймын. Жобаны дайындауда ғаламтор сайттарының көмегі зор болды.
Бұл байқаудың тағы бір мақсаты – педагогтарды шығармашылық тұрғыдан жетілдіріп, олардың инновациялық тәжірибелерін арттыру болды. Сайыс барысында қатысушылар жеке жобаларын ұсынып қана қоймай, “Майкрасофт Казақстан” порталы арқылы қашықтықтан оқыту курсатырнан да өткен. Мамыр айында бастау алған сайысқа еліміздің барлық өңірлерінен 601 үміткер қатысыпты. Ал республикалық кезеңге тек ең мықты деген 248-і жолдама алыпты. Солардың төртеуі – солтүстікқазақстандықтар.
Алексей Деревянкин – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «СҚО ПҚ БАИ» ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы:
– “Смарт – педагог Өрлеу: кәсіби жетістікке жол” атты Республикалық сайысының қорытындысы 29-шы қараша күні шығарылды. Нәтижесінде 3 жерлесіміз 1-ші және 3-ші орындарға ие болды. Байқау барысында қатысушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қаншалықты тиімді қолданғандары бағаланған. Алдағы курстарымызда да осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.
Айта кетейік, бұл байқау республикамызда бірінші рет өткізіліп отыр.
Молдир Макишева