Қоғам

Баспанасы мерзімінен бұрын бұзылған қала тұрғыны панасыз қалды

Дина Мақашеваның баспанасы “Жас Өркен” ықшам ауданында орналасқан және жуырда сырылуы тиіс еді. Үйдің орнына пәтер алу үшін қожайын кепілдеме құжатты күтіп отырған. Дегенмен, бұл құжат қолына тимей, үйі бұзылатынын ойламапты. Қызметінен босай алмаған бойжеткен тілшілермен жүздесуге тәтесі Гаухар Ахметжанованы жіберді.

Гаухар Ахметжанова – Дина Мақашеваның тәтесі:


– Көршіміз қоңырау шалған соң бірден үйге келдік. Баспана осындай жағдайда тұрды. Бірден қала әкімдігіне барып едік, ондағылар оқиғаға біздің қатысымыз жоқ, өздеріңіз реттеңіздер, тәртіп сақшыларын шақырыңыздар деді. Кейін үйлерді құлатуға жауапты адам Салидолла Атаканов дейтін азаматтың телефон нөмірін берді.

Жауапты Салидолла Атакановқа қоңырау шалғанымызда, ол телефонын көтермеді.

Баспана ішіндегі ескі болса да жиһаз, киім-кешек, тұрмыстық заттар зым-зия, қайда кеткені белгісіз. Бойжеткен мен оның туыстары не істерін білмей дал.

Гаухар Ахметжанова – Дина Мақашеваның тәтесі:


– Жауапсыздықтың кесірінен сіңілім далада қалды. Туыстарын, достарын паналауға мәжбүр болды. Ал пәтердің қашан берілетіні белгісіз.

Жағдайдың басын ашу үшін қала әкімдігіне бас сұқтық. Камераны көріп, шенеуніктердің ат тондарын ала қашпасы бар ма, тілшілерге тіл қатар ешкім болмады. Аздан соң Гаухар Ахметжанованы қала әкімі орынбасары қабылдады. Шенеунік қажеттінің бәрін жасаймыз деп уәде беріпті.

Гаухар Ахметжанова – Дина Мақашеваның тәтесі:


– Әкімнің орынбасары пәтер береміз, мүлікті, тұрмыстық заттарды қалпына келтіреміз, шығынды артығымен өтейміз деді. Алайда, ол үшін журналистерге жүгінбеуімді сұрады.

Бұл оқиға орын алғалы 4 күн өтті. Баспанасыз қалған Динаға қоңырау шалдық. Дәл сол күні әкімдіктегідер оған пәтер алуға кепілдік беретін құжатты рәсімдеп беріпті. Дегенмен, әзірге бойжеткен туған-туыстарын паналауға мәжбүр.

 

Саят Ермек