Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір аудандары мен облыс орталығында “Ашық әкімдік” шарасы өтті

Болат Елпанов – қала тұрғыны:

– Ол үйді қарт ата-анама арнап салдым. Қара шаңыраққа келіп бәріміз бас қосамыз деген үмітпен тұрғыздым. Енді келіп жергілікті билік оны бұзамыз дейді.

“Береке” шағын ауданындағы жер үйлердің сырылатынын облыс әкімі де растады. Алайда, бұл маңдағы тұрғындарға тиісінше өтемақы қарастырылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– “Береке” шағын ауданында сырылған үйлердің иелеріне өтемақы төленеді немесе оның орнына көпқабатты үйден пәтер беріледі.

Бүгінгі шараға келген тұрғындардың біразы базынасын айтып мемлекеттік органдарға бір емес бірнеше рет барған. Алайда, көпшілігінің мәселелері күні бүгінге дейін ашық күйінде қалып отыр. Мұны олар ашық диалог алаңында аймақ басшысымен кездескенде жеткізді. Осы күні кездесуге 115 адам келсе, солардың 30-ын өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың өзі қабылдады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындар көбінесе баспанамен қамту, таза ауыз су, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелерін көтеруде.

“Ашық әкімдік” шарасы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында ұйымдастырылған. Қоғамдық қабылдауға келгендердің арасынан жеке кәсіп ашқысы келетіндер табылды. Уәлихан Ибраев үйінен шыға алмайтын мүгедектерге арнап жылжымалы моншаны іске қоспақшы.
Бұл жобасы республикалық байқауларда жоғары баға алған. Жерлесіміз ендігі кезекте, бұл идеясы облыстық әкімдік тарапынан қолдау табарына сенімді.

Уәлихан Ибраев:

– Біраз жыл әлеуметтік жобалармен айналысып жүрмін. Биыл үйінен шыға алмайтын мүгедектерге арнап жылжымалы моншаны ойлап таптым. Себебі қазіргі таңда жарымжандардың көбі қоғамдық моншаларға бара алмайды.

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен қоғамдық қабылдауға облыс және қалалық жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері, түрлі ведомствоның басшылары, коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты.
Мұндай “Ашық әкімдік” шарасы өңір аудандарында өткізілді. Бұдан былай осындай кездесулер тоқсан сайын өтіп тұрмақ.


Берік Қасен