Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теріскейлік педагогтар алдағы уақытта қолданысқа енетін оқулықтармен танысты

Алайда, бұл кітаптар біраз сынға іліккен болатын. Алдағы уақытта осындай ағаттық кетпеу үшін қолданысқа енетін оқулық авторлары өңір педагогтарымен кездесуде. Нұржан Байсаков – орыс мектептеріндегі 3-ші сыныпқа арналған “қазақ тілі” оқулығының авторы. Маманның айтуынша, балаларға енді мемлекеттік тілді меңгеру оңайға түседі.

Нұржан Байсаков – орыс мектептеріне арналған қазақ тілі пәні оқулығының авторы:


– 3-ші сынып оқушыларына арналғн оқулық суреттер мен балаларға түсінікті мәтіндерге негізделген. Осылайша кез келген тақырыпты оңайлықпен түсіндіруге болады. Себебі, есте жақсы сақталады.

Гүлнәр Нұрмұхамбетова 15 жыл бойы математика пәнінен сабақ беріп келеді. Тәжірибелі маманның айтуынша, жаңа оқулықтардағы тапсырмаларды орындауда оқушылар үшін қиындық туындамауы қажет. Себебі, олар жеткіншектердің білім деңгейіне негізделіп жасалған. Алайда, кішігірім кемшіліктері де бар екен.

Гүлнәр Нұрмұхамбетова – Саумалкөл №2 орта мектебінің мұғалімі, Айыртау ауданы:

– Математикалық терминдерді аздап өзгерткен. Балалар оны түсінбеуі мүмкін. Ұсынысым-терминдердің атын өзгертпеген жөн.

Енді, жаңа тақырыпты мұғалім 40 минут бойы түсіндірмейді. Сабақ уақытындағы педагогтың рөлі – оқушыларға бағыт-бағдар беру. Мамандардың сөзінше, дәл осы тұста біршама қиындықтар бар. Бұл ретте жеткіншектер топта немесе жұппен жұмыс істеулері қажет дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әуез Каепов.

Әуез Каепов – Жарқын орта мектебінің мұғалімі, Тимирязев ауданы:


–  Тапсырмалары ойға қонымды. Заманауи “хобби” сынды сөздер қолданылған.

Жалпы, семинар екі күнге созылмақ. Осы уақыт ішінде “Мектеп”, “Атамұра”, “Жазушы”, “Алматы кітап” сынды еліміздің 14 баспасы өз оқулықтарын теріскейлік мұғалімдерге таныстырмақ. Ал, еңбектерді толық талдап шыққан мамандардан түскен ұсыныстар келешекте ескерілмек.

Эльмира Садвокасова