Балалар

СҚМУ-де “Адал ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі” атты КВН ойындары өтті

Оқушылар ойынға небары бір апта дайындалған екен. Десе де, команда ойыншылары жиналған жұртты сапалы, әрі өтімді әзілдерімен елітіп, көрермен көзайымына айнала білді.

Ернар Жұмабек – «Әзіл достар» командасының ойыншысы:

– КВН ойыны қызықты өтті. Біз оған бірнеше күн дайындалдық. Орын аламыз деген үміттемін. Қарсыластарымыз жақсы дайындалған. Бүгін қарсыластарымыз болса да, оларға да сәттілік тілейміз.

Жайдарманға келгендердің қарасы қалың. Олардың көңілдерін көтеру 8 командаға жүктеліп отыр. Бұл көңілділер мен тапқырлардың дені – мектеп оқушылары. Ойынға қатысқан әр құрамалар ерекше әзіл-қалжыңдарымен есте қалуға тырысты.

Шараның басты мақсаты – жастарға сыбайлас жемқорлықтың қаупі мен салдарларын түсіндіру. Сондықтан, әзіл кешінде құрамалар қоғамдағы түйіткілді мәселені көтеріп, жемқорлықты орынды әзілдерімен түйреді. Көрерменді күлкіге қарқ қылу арқылы ойландыруға тырысты.

Әсем Сүлейменова – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгін тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мұрындық болуымен жастар арасында “Адал ұрпақ- жарқын болашақтың кепілі” атты КВН ойындаоры өткізілуде. Бұл шара бірінші рет өткізіліп жатыр. Болашақта жалғасын табады деген ойдамымын. Қатысып отырған командалар назардан тыс қалмайды.

Ойын нәтижесі бойынша 1-ші орынды “Дарын стайл” командасы жеңіп алды. 2-ші орынды “Классика” құрамасы еншілесе, “Оян қазақ” командасы үшінші орынға тұрақтады. Олар мақтау қағаздары, кубок және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Молдир Макишева