МТРА жаңалықтары

Өртке қарсы қызмет мамандары рейд шараларын жүргізуде

Никита Мархалюк – Петропапвл қалалық ТЖБ инженері:

 

– Қазір жылыту маусымы жүріп жатыр. Осыған байланысты қалада өрт оқиғалары жиілеп кетті. Жұма сайын өткізілетін рейд шараларында жылыту пештерінің жағдайын тексереміз, ал қандай да бір кемшіліктер болса, кеңестер береміз. Онымен қоса,тұрғындардың өрт қауіпсіздігі жайлы білімін арттырамыз.

Рейд барысында мамандар қаланың жеке меншік секторларын аралады. Тұрғындардың дені ережелерді білеміз, оларды сақтаймыз, пешіміз талапқа сай деп құтқарушыларды шарбақтан әрі өткізбеді.

Ал кей азаматтар, керісінше, үйіне кіргізіп, жылыту құралының жағдайын көзбен көруге мүмкіндік берді. Солардың бірі Александр Осипов пеш жағу, оны дұрыс пайдалану қағидаларымен жақсы таныс екенін айтады.

Алекасандр Осипов – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Бала кезімнен бері жер үйде тұрып келемін, сондықтан ережелерді жатқа білемін. Пештен шоқтардың ұшпауын, есігінің жабық болуын және тартпаның сәл ашық болуын қадағалап отыру керек.

Қалалықтар сақтық шараларын сақтағанымен, жыл басынан бері шаһарда 202 өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 11-і түрлі күйіктер алған. Қызыл жалынның келтірген залалы 35 млн теңгеден асады. Сондықтан мамандар жылыту құралдарымен сақ болуды ескертеді.

Саят Ермек