Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте аппараттық отырыс кеңесі өтті

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Әрбір бастауыш ұйым жиын өткізуі керек. Бұл – иеологиялық мереке. Сондықтан, маңызды сұрақтарды қарастырып, шараларды ұйымдастыруға көңіл бөлген дұрыс.

Бұл күн солтүстікқазақстандықтар үшін жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Дәл желтоқсанның бірінші жұлдызында өңір аумағында әлеуметтік маңызы бар 35 бірдей нысанды ашу жоспарланған.

Әсем Рахметова СҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы:


–  2 көппәтерлі үй халық игілігіне беріледі. Оған қоса ауылдық мәдениет үйі, ойын-сауық кешені мен бос уақыт өткізу орталығы ашылады. Бұдан бөлек, қазпошта бөлімдері ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын, наубайхана, супермаркет және бензин құю бекетінің таспасы қиылады.

Облыс әкімі ашылғалы отырған нысандардың барлығы болашақта халыққа пайдасын тигізу қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, Тұңғыш Президент күні мұқтаж жандарға қолғабыс білдірген абзал. Мерекеде зейнеткерлер, мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек ұсынылады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Ақжар, М.Жұмабаев және Қызылжар сынды бірқатар аудандарда қайырымдылық іс-шаралардың өтпейтіндігін байқап жүрміз. Бұл күні мұқтаж адамдарға көмек көрсету көзделіп отыр. Сонымен қатар, біз мерекеде тұрғындармен кездесуіміз қажет. Әсіресе, мемлекеттік мекеме, әкімдік, басқарма басшылары халықпен жүздескендері жөн. Олар атқарылып жатқан іс жайлы баяндап, сұрақтарына жауап беріп, мәселердің шешілуін талқылаулары керек.

Мереке күні теріскейде 3 мәдени нысан ашылмақ. Сондай-ақ, Тұңғыш Президентке арналып көрме, концерт, спорттық сайыстар және дөңгелек үстел отырыстары өтеді. Жалпы айтқанда, өңірде барлығы 250-ден аса түрлі шара ұйымдастырылмақ.
Соның бірі облыстық өлкентану музейінде өтпек. Мұнда ашық есік күні ұйымдастырылып, келушілер ел тарихы және мемлекет басшысының бастамаларымен таныса алады.

Ермек Рахимов – СҚО мәдениет, архивтер, және құжаттама басқармасының басшысы:

– Мерекеге орай қарашаның 30-ы күні Н.Погодин атындағы орыс драма театрында «Елбасы елімен бірге» атты кеш өтеді. Ауқымды шара барысында барлық музейлерден әкелінген жәдігерлер халық назарына ұсынылады. Сирек кездесетін құжаттар, суреттер көрсетіледі.

Жалпы бұл кеш 4 бөлімнен тұрмақ. Шараға 150-ге жуық солтүстікқазақстандық келеді деп күтілуде. Жерлестеріміздің алдында теріскейлік әнші-бишілерден бөлек, еліміздің эстрада жұлдыздары да өнер көрсетеді.

Мерекеге дайындық барысы бір пысықталып алынғаннан кейін, апараттық отырыс барысында өңірдің экономикалық дамуы талқыланды. Биыл аққайыңдар өлкесіндегі өнеркәсіп өндірісі 5 пайызға артыпты. Осы нәтижемен елдегі үздік 5 аймақтың қатарындамыз. Жыл басынан жергілікті кәсіпкерлер 180 млрд теңгенің тауарын шығарған.

Статис мамандардың сөзінше өңірде ірі қара саны 3 пайызға көбейіпті. Қой мен ешкінің қатары да осыншаға артқан. Ал, жылқы – 3,7%, құс басы 11 пайызға ұлғайыпты. Бұл көрсеткіш бойынша Қызылжар, Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандары алда келеді. Көш соңында тайыншалықтар қалған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Ауыо шаруашылығына инвестиция мол бөлінеде. Ел ойынша бұл салаға 206 млрд теңге қаржы құйылыпты. Соның 25% біздің өңірге тиесілі. Яғни, 53 млрд теңге қаржы теріскейге бағытталған. Бұл ақшаны тиімді игеріп, жұмыс істеу керек.

Алайда, инфляция да өсуде. Жыл басынан оның көлемі 5,8 %-ды құраған. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 0,4 пайызға көп. Азық-түліктің бағасы 4%-ға өсіп, коммуналдық қызметтер де қымбаттаған. Ыстық судың бағасы 30%-ға, жылудыкі – 20, ал газдың құны 14%-ға көтерілген. Бірақ, бұған қарамастан өңірдегі орташа айлық 100 мың теңгені ғана құрап отыр.
Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Тұңғыш Прездиент күнінен басқа теріскейліктерді Тәуелсіздік мерекесі және Жаңа жыл мейрамдары күтіп тұрғанын еске салды. Соңғысын атап өтуге биыл бюджеттен қаражат қарастырылмайды. Көшелерді әрлеу үшін қолда бар безендірулер қолданылмақ.

Байболат  Култанов