МТРА жаңалықтары

Петропавлда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Жиында бірінші болып облыстық жер инспекциясы басқармасында жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарған жұмыстар тыңдалды. Мекеме жетекшісі Мейрам Мелбаевтың айтуынша басқармада өткен жылы бұл сипаттағы бірде-бір заңбұзушылық тіркелмеген.

Мейрам Мелбаев – СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы:

– Былтыр біздің басқарманың бөлім басшылары қарамағындағы қызметкерлермен тоқсан сайын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соңғы жылдары мамандарымызға қатысты тұрғындардан келіп түсетін шағымдар саны едәуір қысқарып отыр.

Әдеп кеңесінің мүшелері мекеме басшысына осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да күшейту қажеттігін айтты. Ал облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде соңғы кездері жемқорлық фактілері жиілеп кеткен. Жаңа қызметке тұрғанына ай толмаған жетекші Татьяна Филиппова осы олқылықтардың алдын алудың жоспарын әлі күнге дейін жасамаған болып шықты.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Сіздің басшылық қызметіне тұрғаныңызға көп бола қоймаса да, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын құрмағансыз. Сіздерде ашық сауда әдісі кезінде тек белгілі бір тұлғалар ғана жеңіп келген. Оған қоса жиі техникалық кедергілер туындап, отырыс кейінге қалдырылып отырған. Осыны қалай түсінуге болады.

Осылайша сұрақ жауапсыз қалып, кеңеске қатысушылар бұл сауалды келесі жолы талқылауға уағдаласты. Бұдан кейінгі сұрақ өңіріміздегі мемлекеттік органдардың қызметіне жөніндегі тұрғындардың шағымдары қаралды. Жыл басынан солтүстікқазақстандықтардан 17 арыз келіп түссе, соның барлығына қатысты тиісті шешім шыққан. Жиын соңында әдеп кеңесінің көшпелі отырысын аудандарда өткізу кестесі бекітілді.

 

Бакыт Садуакасов