Білім

Назарбаев зияткерлік мектебінде “Жүректен-жүрекке” қайырымдылық шарасы өтті

Мәселен бір бауырсақ – 10 тг, құймақ – 50, ал тәтті тоқаш 20 теңгеден сатылды. Осылайша, ата-аналар және оқушылар бірлесіп ұйымдастырған акция жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған дәмді шараға айналды.

Сәулет Мұқанова – Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары:

– Назарбаев зияткерлік мектебінде “Жүректен жүрекке” акциясы аумағында жәрмеңке ұйымдастырылып отыр. Бұл жәрмеңке оқушылар мен ата-аналардың бірлескен жұмысының көрінісі.

Әрбір дастархан 15 шаңыраққа бөлінген. “Ғабит Мүсірепов” атауын алған шаңырақ бүгінгі шараға қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап әкеліпті. Бақытжан Ғабдулина жәрмеңкеге Астанадан арнайы келіп, қымызын саудаға шығарған. Шарапаты мол іске белсенді қатысып жүрген нәзікжанды осындай шара болашақ ұрпақты адамгершілігі мол жандар етіп тәрбиелеуге септеседі дейді.

Бақытжан Ғабдулина – ата-ана:

– Назарбаев зияткерлік мектебінің ұйымдастырылып отырған іс-шарасы орынды деп ойлаймын. Өткен жылы болған акция осы жылы да өткізіліп жатыр. Бұл ұйымшылдыққа, бірлікке, қайырымдылыққа үйретеді.

Осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру білім ошағы үшін дәстүрге айналған. Ай сайын мектеп ұжымы жетім, аз қамтылған, есту қабілеті нашар балаларға, қарттар үйін паналаушылар мен мүгедектерге арнап қаражат жинайды. Бүгінгі жәрмеңке барысында жиналған қаржы 360 мың теңгені құрап отыр.

Молдир Макишева