Ауыл шаруашылығы

Қарашаның 15-і ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

Биыл жергілікті аграрийлер 44 мың га жерден дәнді-дақыл жинаған. Гектар шығымдылығы орташа есеппен 32 центнерді құрайды. Ал, шаруашылықтың кей алқаптарындағы бұл көрсеткіш, тіпті, 60 центнерден асқан.

Думан Елжанов – “Тұқым” ЖШС бас инженері:


–  Біздің серіктестігімізде 280 адам жұмыс істейді. Оның ішінде агроном, инженер, механизаторлар бар. Егін ору науқанында жұмысшылар саны 400-ге дейін жетеді. Соның ішінде 50 шақты жүргізушіміз бар. Олардың 23-і Камазды тізгіндейді.

Күзгі дала жұмыстары аяқталғанымен, мұнда әлі де атқарылар шаруа молынан. Серіктестіктегі қызметкерлер жыл бойына жұмыспен қамтылады. Жоғары өнімділік қатардағы жүргізуші мен агроном, инженерлердің жұмыла атқарған шаруасына байланысты.

Елюбай Дюселековтың жұмысы күнде сағат таңғы 8-де бастау алады. Камаз жүргізушісі мұнда кәсіпорын құрылған уақыттан бері жұмыс істейді. Биыл ол егін ору науқанында 5318 тонна өнімді тасымалдаған. Жұмысы көңілінен шыққандықтан, оның еш ауыртпалығын байқамайды. Ең бастысы – халық игілігі үшін қызмет ету дейді.

Елюбай Дюселеков – “Тұқым” ЖШС камаз жүргізушісі:


–  Мен әскерден келгеннен ері осы жақты жұмыс істедім. Ол кезде “Тұқым” совхоз болды.

Серіктестікте бірқатар кәсіби династиялық отбасылар қызмет етеді. Мәселен, Елюбай ағадан бөлек, агроқұрылымдағы жұмыспен оның ұлы, ағасы мен екі жиені қамтылған. Ерлан Дюселеков ес білгелі әкесімен бірге еріп, техника үстінде жүріпті. Сөйтіп, әкесін үлгі көріп өскен ол болашақта камаз тізгіндейтінін кішкентайынан білген.

Елюбай аға ауыл шаруашылығына саналы ғұмырының 33 жылын арнаса, Қуантай Қиянбеков аталмыш саладағы жұмысын енді бастап жатыр. Азамат Есіл ауданындағы “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігінде 1,5 жылдай жұмыс істейді. Алайда, осы аралықта оның еңбегін агроқұрылым басшылары жоғары бағалап үлгерген. Бұны ағымдағы жылы жиналған өнім сапасы мен көлемінен-ақ байқауға болады. Мектеп кезінде агроном боламын деген арманына жеткен Қуантай күн сайын бұл көрсеткішті жақсарту үшін еңбек етуде.

Қуантай Қиянбеков – “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС бригада агрономы:

– Ауыл шаруашылығында жұмыс істеу оңай іс емес. Әр қызметкердің өзіндік орны бар. Жоғары өнімділік алу үшін талмай қызмет етуіміз қажет. 03-10 Біздің мақсатымыз – әр отбасыны нанмен қамтамасыз ету.

Осы жазда Қуантай Қиянбеков студенттік шағында танысқан зайыбы Залинамен отау құрған. 3 жыл бойы елордадағы білім ошақтарында қызмет еткен нәзікжанды, тұрмысқа шыққан соң тағдыр қосқан жарының қасына келіпті.

Салмақты саланың дамуына сүбелі үлесін қосқан Елюбай Дюселеков пен оның артынан ерген жас маман Қуантай Қиянбековтердің бүгіндегі еңбегі көпке үлгі.

 

Эльмира Сәдуақасова