МТРА жаңалықтары

Қарашаның 9 Челябі-Новосібір тас жолында газ толы цистерна жол жиегіне аударылды

Күндізгі сағат 10-дар шамасында сұйытылған газ толы жүк көлігі республикалық маңыздағы жолдың 540-шы шақырымында аударылып, жолдың жиегіне құлап кеткен. Абырой болғанда, цистерна жарылған жоқ. Аударылған көліктің жүргізушісі де дін аман. Оның айтуынша, рөл қозғалқыштан ажырап кетудің салдарынан төтенше жағдай орын алған. Апатқа ұшыраған машина “Рокка газ” серіктестігіне тиесілі. Аталған компанияның жұмысшылары оқиға орнына дер кезінде жетіп, газды басқа цистернаға құйып алды.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

– Оқиға орнында жергілікті полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қажетті шараларды атқарды. Көлік аударылған жерді қоршап, күре жолдың бойындағы қозғалысты уақытша тежедік. Өрт сөндірушілер тосын жағдайға сақадай-сай болды. Газ басқа цистернаға құйылып, жүк көлігі қаладағы автотұраққа жеткізілді. Төтенше жағдайдан жапа шеккендер жоқ. 60 жастағы көлік жүргізушісінен жауап алынуда.

Берік Қасен