МТРА жаңалықтары

101-ші бағыттағы автобустардың 3-уі жаңасына алмастырылды

Сейітжан Құсайынов – Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің жолаушылар көлігі секторы меңгерушісі:

– Қазан айының басында жолаушы тасымалымен айналысатын “Айдаков” және “Семёнов” жеке кәсіпкерлігі 3 автобус сатып алды. Олар өткен аптадан бастап Петропавл мен Бескөл арасында қатынауға шықты. Әр қоғамдық көліктің құны 30 млн теңгеден асады. Техниканы иелері “Даму” қорының көмегі арқылы рәсімдеді.

Жаңа автобустар заманауи үлгіде жасалыпты. Қоғамдық көліктің ішіне 60-тан аса адам оңай сияды. Мүгедек адамдарды көтеруге арналған лифтісі бар. Оған қоса өрт қауіпсіздігі, қашықтықтан бақылау сынды құралдарымен де жабдықталыпты. Автобустар бірден тұрғындардың көңілінен шыққан.

–  Мен өзім күнде Бескөлден нөмірі 101-ші автобуспен келемін. Жаңадан қосылған автобустар өте жайлы. Заманауи жасалған.


–  Бұрынғы автобустар тар болатын. Жаңаларының іші кең. Көп адам сияды.

Жақында қаламыздағы автобустардың біразы жаңасына алмастырылмақ. Жоспар бойынша жолаушыларды тасымалдауға 15 жаңа техника шығады деп күтілуде.

Сейітжан Құсайынов – Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің жолаушылар көлігі секторы меңгерушісі:

– Ресейде шығарылған автобустарды сатып алмақшымыз. Олар 24, 4-ші бағыт бойынша қатынайды. Бұл қоғамдық көліктер де заманауи үлгіде жасалған. Жарық, жылы, әрі кең.

Қалалық әкімдік мамандарының айтуынша 15 автобус қараша айының соңына дейін жолаушыларды тасымалдауға шығады екен.

 

Байболат Бектемірұлы