Білім

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да ұлт пен дінаралық келісімді нығайту мәселесі талқыланды

Александр Зель – «Нұр Отан» партиясы «Болашақ» филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Қазір Қазақстанда 130-дан аса ұлт өкілдері, 18-ге жуық конфессия бір шаңырақ астында тату тәтті тұрып жатыр. Осы мақсатта ширек ғасыр бойы атқарылған жұмыстарды одан әрі дамыта түсу маңызды. Сондықтан біз бүгін студенттермен ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтып, алауыздықты болдырмау жолдарын талқылап отырмыз. Жастардың ұсыныстары мен шағымдарын тыңдап, бұл бағытта әрі қарай жұмыс істеу жоспарын құратын боламыз.

Теріскейді 90-ға жуық этнос өкілдері мекен етеді. Әр ұлттың өзіне тән дәстүрлері, қалыптасқан тұрмыс қалпы бары анық. Өзгелері оған құрметпен қарай білуі тиіс.

Гүлбақша Мұсабаева – «Urpaq» қазақ – мәдени ағарту орталығының төрайымы:

– Мәселе жастар арасында өзекті. Әртүрлі қақтығыстар мен даулардың пайда болмауы үшін, пайда болған жағдайда қалыптасқан дәстүрлерге сүйеніп мәселені шешу жолдарын қарастырамыз.

Бүгінгі отырыс форматы ерекше. Дәстүрлі баяндамаларды қарапайым диалог алмастырған. Мәселен, “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастар, мұндай басқосуларды қолдап отыр.

Сымбат Әбжанова – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мен “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша биыл оқуға түстім. Мұнда орыс, татар және т.б. ұлт өкілдерімен бірге білім аламын. Олармен тез тіл табысып кеттім. Бүгінгі жиын өте маңызды. Ол ұлтаралық ынтымақтастықты дәріптейді.

Ұлтаралық жанжал, дінаралық қақтығыстар елімізде орнап отырған бейбітшілік пен келісімге нұқсан келтіріп, түрлі радикалды ұйымдар мен ағымдардың белең алуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Мұны болдырмау үшін ұлтаралық келісімді одан әрі дамытып, нығайта түсу маңызды. Кездесуге қатысушылардың ортақ пікірі осы.

 

Саят Ермек