Ауыл шаруашылығы

“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ өңір диқандарына 26,9 млрд тенге заем берді

Соңғы 10 жылда АӨК дамытуға қисапсыз қаражат құйылды. Ел қазынасынан бөлінген ақшаны диқандарға қаржы ұйымдары арзан несие түрінде үлестіруде. 10 айдың ішінде Аграрлық несие корпорациясының жергілікті филиалы “Кең дала” бағдарламасы аясында 500 ауылшаруашылығы тауарын өндірушіні қаржыландырған. Солтүстікқазақстандықтарға 27 млрд теңгеге жуық заем берілді. Бұл сома өткен жылдардағыдан әлдеқайда көп. Қаражаттың 78% көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарын несиелендіруге жұмсалған.

Алмат Қожахметов – “Аграрлық несие корпорация” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

–  “Кең дала” бағдарламасы бойынша өңір аграрийлеріне жалпы сомасы 21 млрд теңге заем берілді. Жеңілдікті 190 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші пайдаланып, 900 мың гектарға агротехникалық шараларды уақытылы жүргізді. Бұдан бөлек 237 диқанға қарыз несиелік серіктестіктер арқылы үлестірілді. Жалпы құны 3 млрд 800 млн теңгені кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы қондырғыларын сатып ауға және өсімдік шаруашылығын дамытуға бағыттады.

Сонымен қатар аграрийлерге несиелік серіктестіктер және ІІ деңгейлі банктерден жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен қарыз береді. Биылдан бастап отандық ауыл шаруашылығы қондырғыларын жеңілдетілген бағамен сатып алуға болады. Ол үшін “Агротехника” бағдарламасына қатысу керек.

Алмат Қожахметов – “Аграрлық несие корпорация” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

–  “Агротехника” бағдарламасы аясында жем-азық дақылдарын жинайтын техникаларды, ауыл шаруашылығы дақылдарын тазартып, кептіруге арналған қондырғыларды арзан бағамен алуға болады. Жаңа техникаға жұмсалған қаражаттың 50 пайызы заемшыға бірден қайтарылады. Қазақстанда жиналған, құрастырылған техникаларды жылдық 5,5% мөлшерлемесімен алуға болады. Заемшыдан 20 % алдын ала жарна сұратылады.

Диқандарға жеңілдік мерзімі қарастырылған. Олар негізгі қарызды 2 жылдан соң өтей бастайды. Қазіргі таңда “Агротехника” бағдарламасына бірнеше ондаған өтінім түскен. Жобалар қарастырылу үстінде.

Берік Қасен