МТРА жаңалықтары

Шаһардағы қоғамдық көліктер бақылаудан өткізілуде

Тәртіп сақшылары жүргізушінің құжаттарын тексеруде. Олар жол-сапар парағын, сақтандыру полисін міндетті түрде қарайды. Көліктің техникалық байқаудан өту жайлы куәлігіне назар аударады. Ал осы сәтте қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы санитарлық талаптардың сақталуын бақылап шықты. Ол автобус ішіндегі алғашқы ереже бұзу фактісін де анықтады.

Бұдан бөлек, мамандар жүргізушілердің қызметтік киіммен жүрулерін де қарайды. Арнайы форманы тек 9-шы және 27 нөмірлі автобусты тізгіндеген жандар киеді екен. Қалғандары ортақ тәртіпке мойын сұнбайтын көрінеді. Мұндай талапты ескермегендерге 3 мәрте ескерту жасалады. Кейін, жағдайды түземесе арнайы шара қолданылады.

Азат Бейсембин – Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:


–  Мұндай рейдтерді жолаушылар тасымалын жақсарту мен қауіпсіздікті күшейту үшін өткізіп отырмыз. Жыл басынан бері осындай 8 шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 100-ден аса тәртіп бұзу фактісін анықтадық. Уақыттан кешіккен, техникалық, санитарлық талаптарды сақтамаған үшін 7-ші және 19-шы нөмірлі автобустар бағыттан алынып тасталды. Ал, қоғамдық көліктің әйнегі жарық, терезеге тонировка тағу сынды құқық бұзушылық орын алса жүргізушіге құқық қорғаушылар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Петровлда жолаушылар тасымалымен айналысатын 4 серіктестікпен 6 жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді. Оларда 350-ге жуық қоғамдық көлік бар. Мамандар барлық автобустарды бақылаудан өткізбек.

–  Петропавлда қоғамдық көліктерді тексеру шарасы қараша айының 10-шы жұлдызына дейін жалғаспақ. Осы уақытқа дейін мамандар қаламыздың шеткері кенттеріне қатынайтын автобустарды бақылайды.

 

 

Байболат Бектемірұлы