МТРА жаңалықтары

Теріскейлік боксшылар қос бірдей халықаралық турнирден жүлделі оралды

Ал, мына жерде бокстан спорт шебері Евгений Павлов жаттығуда. Жерлесіміз жақында ғана Шымкент қаласында ересектер арасында өткен халықаралық турнирден оралды. Бозбала бұл байрақты додада 3 бірдей тәжірбиелі қарсыласын тізе бүктіріп, 2-ші орын иеленіпті.

Евгений Павлов – бокстан халықаралық турнирдің күміс жүлдегері:

– Бірінші кездесуде тәжік боксшысын ұттым. Кейін, тараздық және өзбек спортшысын тізе бүктірдім. Өзбекстандық былғары қолғап шеберімен өткен кездесу қиынға соқты. Ол физикалық тұрғыда мықты, қайту дегенді білмейді. Бірақ, менің соққыларым көп мәрте дәл тиіп, ұпай жинадым. Ал, ақтық сында Шымкент қаласының боксшысымен жұдырықтасуым керек болған. Ол жекпе-жекке белгілі себептерге байланысты шықпады.

Евгенийден бөлек, тағы бір жерлесіміз Павел Деменский де жарады. Ол қазанның 23-і мен 29-ы күндері аралығында Талдықорған қаласында жастар арасында өткен халықаралық турнирден олжалы оралды. “Жетісу кубогы” жарысында 60 келі салмақта өнер көрсеткен боксшы 4 қарсыласымен күш сынасыпты. Оның алғашқысында қызылордалық былғары қолғап шеберін нокаутқа түсірген.

Кейін, Павел Ақтөбе мен Ақмола облыстарының бокшыларын ұтқан. Ал, финалға шығар кездесуде астаналық қарсыласына жол беріп, қола медаль иеленген.

Денис Языков – бокстан СҚО құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Қазан айында өткен қос бірдей турнирде де жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Бұл жарыстарға Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей мен Әзербайжан, Қырғызстан елдерінің мықты боксшылары қатысқан болаты. Сол себепті жүлдегерлер қатарына ілінуі қиынның қиыны. Дегенмен, дайындықтың арқасында қос бірдей медалді Петропавлға әкелдік. Додаларда өңір намысын қорғаған 10-нан аса жігіт мол тәжірбие жинады.

Евгений Павлов ендігі кезекте ересектер арасында өтетін ел біріншілігіне қатыспақ. Байрақты бәсеке қарашаның 4-і күні Шымкент қаласында өтеді. Жарысқа солтүстіктен барлығы 5 спортшы барады деп жоспарланған.

 

Култанов Байболат