Қоғам

Биыл СҚО 200 маман “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен арзан ипотека алды

Заемдардың дені денсаулық сақтау және білім салаларына бөлінген.
Өзге жастар сияқты Замзагүл Түлеуби де мемлекет қолдауына жүгініпті. Нәзік жанды 1 млн 55 мың берешегін 5 жылдың ішінде қайтармақшы. Өзі қыркүйек айынан Уәлиханов ауданындағы Аққұдық негізгі мектебінің оқушыларына ағылшын тілінен сабақ береді.

Замзагүл Түлеуби – Аққұдық негізгі мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Уәлиханов ауданы:

– Мен Аққұдық ауылынан “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен ипотекаға жер үй алайын деп жатырмын. Несиені 5 жылға ресімдедім. Ай сайын жалақыдан 10 мың төлеп тұрамын. 3 жыл өткенен кейін кредитті өзім қалаған уақытымда толығымен жаба аламын. Бір білгенім, “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен несие алған тиімді. Пайыздары төмен. Жаңадан жұмысқа орналасып жатқандар баспаналы бола алады.

Елді мекенге қарай қадам басқан жастарға арзан несиені Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ұсынып отыр. Қаржы ұйымы өкілдерінің сөзінше, “Дипломмен ауылға” бағдарламасына барлық аудандар белсенді қатысқан.

Азамат Жанбеков – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ ауыл ипотекасы бойынша маман:


– Үстіміздегі жылы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында өңірге 657 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда аталған соманың 93 пайызы игерілді. Нәтижесінде 200 солтүстікқазақстандыққа жалпы сомасы 617 млн теңге қарыз берілді.

Қарызды 15 жылға бөліп қайтару мүмкіндігі қарастырылған. Жылдық сыйақы үстемесі 0,01 пайыз.

Берік Қасен