МТРА жаңалықтары

Табиғат ресурстарын пайдаланушылар өңірлік форумда бас қосты

Ал мәденит үйінің ішінде мынадай көрініс. Мұнда орман, балық шаруашылықтары және аң аулаумен айналысатын, өндірістік қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындардың өнімдерін тамашалауға болады. Ағаштан жасалған құрылыс материалдары, денсаулыққа пайдалы жабайы жидектер, аңшылық уақытында алынған олжалар, бір сөзбен айтқанда, көзбен көріп, қолмен ұстауға тұрарлық дүниенің бәрі бар. Ал мына аквариумдағы балықтың бірнеше түрі Вячеслав Смирнов жалға алған су қоймаларынан ауланған. Қазір кәсіпкер мемлекеттен 4 көлді жалдап, балықтың 20-ға жуық түрін өсіруде.

Вячеслав Смирнов – “Смирнов” ЖК директоры, Есіл ауданы:

– Тұқы, мөңке, шортан секілді сұранысқа ие балықтарға басымдық беремін. Ал жалпы бір су қоймасында балықтың 16-дан астам түрі өсіріледі, ал одан жылына 14-16 мың тонна нәсіп аламын. Су айдынының әр гектарының берекелігі 70 келіні құрайды. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Ауланған балықты аптасына екі рет қала және аудан жәрмеңкелерінде саудаға қоямын.

Өңірде өндірістік қалдықтар мен тұрмыстық қоқысты қайта өңдеу кәсіпорындары да көбейіп келеді. Қазір облыста мұндай 16 серіктестік жұмыс істейді. Олардың 13-і қоқысты еліміздің басқа қалаларына жөнелтсе, үшеуінің кәсіпорындары теріскейде орналасқан. Солардың бірі “Петропак” серіктестігі. Олар полиэтилен қалдықтарымен жұмыс жасайды.

Никита Жуков – “Петропак” ЖШС директорының орынбасары:

– Бізге қала кәсіпорындары полиэтилен қалдықтарды тапсырады. Ал біз олардан түрлі пакеттер, бөтелкелер, синтефон-жалпы өндіріске және тұрмысқа қажетті заттардың 100-ден аса аталымын өндіреміз. Біздің тауар Қазақстандық нарықта үлкен сұранысқа ие. Алдағы уақытта Ресейге шығуды көздеп отырмыз.

Форумда қозғалған мәселе – табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану. Қазіргі таңда өңірде 12 орман, 36 аң аулау шаруашылықтары жұмыс істейді. Ал жалпы теріскейдің кең даласында 690 мың гектар орман алқабы, 426 су қоймасы бар. Осы табиғат байлықтарынан нәсіп алып қана қоймай, оларды сақтап, жандандыру мәселесі өзекті. Бұл орайда, тиісті басқарма өкілдері жергілікті кәсіпкерлердің еңбегіне жоғары баға берді.

Қабиден Сәдуақасов – СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Табиғат жанашырлары осынау маңызды істің басы-қасында жүр. Табиғи ортаны сақтау, оның қойнауындағы байлықтарды пайдалану жолында атқарып жатқан еңбектері орасан.

Кейін табиғат ресурстарын ұтымды пайдалануда жаңа технологияларға басымдық берген, орман шаруашылығының дамуына үлес қосқан бірнеше кәсіпорын мен орманшылықтар, онымен қоса, бұл салада ондаған жылдар адал еңбек етіп жүрген жандар мен ардагерлер облыс әкімінің және ауыл шаруашылығы министрлігінің марапаттарына ие болды.

Көпжылдық еңбегі еленіп, ауыл шаруашылығы министрлігінің төс белгісіне ие болғандардың бірі – Нұржан Зайкин. Ол ширек ғұмырын орман алқаптарында өткізген. Қазір Переснов орманшылығының игілігіне жұмыс істейді.

Нұржан Зайкин – Переснов орман шаруашылығының орманшысы:

– Преснов орман шаруашылығында 25 жылдан аса еңбек етіп келемін. Біз ағаш отырғызамыз, желектерді қорғаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды.

Алқалы жиын жергілікті өнер ұжымдары қойған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

 

Саят Ермек