Өнеркәсіп

Солтүстік Қазақстанда жасалған

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Жуық арада еліміздің оқу орындарында мынадай шкафтар пайда болады. Бұрын шетелдік кинолардан ғана көретін мектеп жиһазы енді өзімізде де енгізілмекші. Мұнда оқушылар, бұған дейін сөмкелерде тасып жүрген оқулықтар мен киімдерін сақтай алады.

Міне мынандай шкафты құрастыру оңай шаруа емес. Ол дайын болғанша талай кезеңдерден өтеді. Біріншіден, мына цехта шкафтың бөлшектері жасалады. Болат материал станоктың көмегімен кесіледі. Кейін өнім лазерлік қондырғыға жөнелтіледі. Мұнда оператор қажетті мөлшер мен көлемді белгілейді.

Күніне лазерлік қондырғы осындай алты материал жасай алады. Содан соң, даяр болған бөлшек арнайы қондырғының көмегімен бүгіліп, дәнекерлеушіге жөнелтіледі.

Самат Мұстафин – «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ дәнекерлеушісі:


–  Әкеліп дайындап береді. Біз содан кейін дәнекерлейміз. Сосын тазалауға жібереміз. Қиын емес, ұқыптылап ақырын істейміз.

Дайын болған шкаф бөлшектері кейін тегістеліп, содан соң боялады. 240 градустық температураға қойылған арнайы пештің арқасында материалдар 20 минуттың ішінде-ақ кебеді. Барлығы дайын болған соң енді бөлшектерді жинау ғана қалады. Онымен екі адам айналысады.

Андрей Голубевский – «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ қызметкері:

– Бізге оны қалай жинау керектігі жөніндегі суреті мен нұсқаулық және бөлшектер беріледі. Біз сол бойынша шкафты 20-30 минуттың ішінде жинаймыз. Қиын ештеңесі жоқ. Әрі салмағы да ауыр емес.

Жалпы зауыт жылына 40-50 мың осындай шкаф әзірлеуге қауқарлы. Олар ең алдымен өңір мектептерін, кейін тапсырыс берген өзге аймақтарды да осындай жиһазбен қамтымақ. Ал мына жерде заман ағымына сай 3Д принтерлер жасалуда. Құрылғыны кәсіпорын қызметкерлері өздері құрыстырады.

Стас Савченко – «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ инженер-құрастырушысы:

– 3Д принтерді құрыстыруға 4 ай уақыт жұмсалды. Біз нарықтағы осы сияқты құрылғыларды зертеп, одан да сапалысын жасауға бел будық. Біздегі принтердің айырмашылығы ол үлкенірек. Тағы берілген заттардың дәл нұсқасын жасай алады. Арнайы бағдарламаны енгізсең болғаны. Принтер қолданылуыда өте қарапайым.

Қондырғының көмегімен міне мынадай пластик бұйымдарды жасап шығаруға болады. Айта кету керек, мұндай құрылғыны жасап шығаратын еліміздегі бірегей зауыт, осы уақытқа дейін 3 принтер құрастырып үлгерген. Соңғысын қазір тексеруден өткізуде.

Мәди Бектенов – «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ маркетинг және сату департаментінің директоры:


–  Әрбір адам қолдана алады. 3Д принтерді мектепте, зауытта, университетте де қолдануға болады. Жақын арада біз оның бір данасын НЗМ беруге әзірміз. Ол 4-ші тоқсанда сынақтан өтеді. Нәтижесінде оны біз жетілдіріп, кейін БҒМ ұсыныс жасаймыз.

Мұндағылар айына 20-30 3Д принтер жасап шығаруға қауқарлы. Заманауи қондырғының құны – 500 мың теңге.

Мағжан Ахмадина