Жасөспірімдер алдымен анасынан, араға 5 жыл салып, әкесінен айырылған. Сөйтіп, Керейбаевтар жанұясы жеткіншектерді жетімсіретпей, өз бауырларына тартқан. Қазір балалардың бірі жергілікті ЖОО-да білім алып жатса, екіншісі мектеп қабырғасында оқиды.
Ләйлә Керейбаева:
– Балаларды туған ұлдарымнан бөліп жармаймын. Керек кезде ақыл айтып, керек кезде ұрсып та аламын. Бір-бірімізге бауыр бастық. Әрдайым үй шаруасына көмектесіп тұрады.
Бұл залға Керейбаевтар сияқты өздерінің аналық сезімі, әкелік мейірімімен бөлісе білген жандар жиылып отыр. Олар жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға пана болып, оларға жаңа отбасы сыйлаған үлгі тұтарлық азаматтар. Бұл қайырымды жандар мереке қарсаңында қала әкімі Марат Тасмағанбетов атынан алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, қамқоршылардың бірқатары облыстық және қалалық білім бөлімінің грамоталарына ие болды.
Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Бүгін ата-аналарынсыз қалған балаларды жетімсіретпей, өз қамқорлығы мен махаббатына бөлей алған жандар келіп отыр. Олар бүлдіршіндерге ең жақын адамдарына айналды. Сіздерді осы мерекемен құттықтап, алғысымды білдіргім келеді.
Елімізде қамқоршы күні 2010 жылы бекітіліп, 29-шы қазан күні атап өтілуде. Жалпы, бүгінде облыс бойынша 774 бала қамқорлыққа алынса, тағы 183-і патронаттық отбасыларға берілген. Ал, 309 жеткіншек әлі де ананың аяулы алақанына зәру.
Эльмира Садвокасова