МТРА жаңалықтары

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыста бұл салада екі мыңнан аса адам еңбек етеді. Қарттар мен мүгедектерге, тұрмысы төмен отбасылар мен науқастарға қол ұшын беріп, қолдап жүрген бұл қызметкерлердің еңбегі ерекше. Құрметті достар, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Жауапкершілігі мен қиындығы мол қызметтеріңізде сәттілік, барлықтарыңызға денсаулық,отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Кейін кезек салтанатты марапаттау рәсіміне келіп жетті. Өңірдің әлеуметтік қорғау саласында ұзақ жылдар бойы үздік қызмет жасап жүрген мамандар түрлі марапаттарға ие болды. Бірқатары салтанатты жиында облыс әкімінің қолынан Құрмет грамотасы мен алғыс хат алды. Еңбегі еленгендердің бірі – Ерлан Қазбеков. 6 жылдан бері Айыртау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып еңбек етіп жүрген ол қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау айлығы аясында ауданда ауқымды шаралар өткізілді дейді.

Ерлан Қазбеков – Айыртау ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:


–  Біздің ұжымда 10 мемлекеттік қызметкер және 47 әлеуметтік қызметкер еңбек атқарады. Олар 220-ға жуық жанға көмек көрсетеді. Тағы 40-қа жуық жасөспірімге көмек беріледі. Бұл Құрмет грамотасы бүкіл бөлімнің еңбегінің бағаланғаны деп білемін, жалпы ауданның дамуының көрсеткіші.

Жиында тағы үздік сала қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Құрмет грамоталарына ие болды. Ондай зор марапат Тайынша ауданындағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі «Надежда» интернат-үйінің санитары Әлия Бидаловаға табысталды. Ол мекемеде 9 жыл еңбек етеді екен.

Әлия Бидалова – Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі «Надежда» интернат-үйінің санитары, Тайынша ауданы:


– Біздің қарттар үйінде 120 қария бар. Мен солардың тазалығын қамтамасыз етемін. Жұмысымыз сондай қиын емес.

Кейін сала қызметкерлеріне концерттік бағдарлама ұсынылды.

Магжан Ахмадина