– Келер жылы бой көтеретін Оқушылар сарайының аумағы таң қалдырмай қоймайды – 14 мың шаршы метр. Құрылысқа 110-ға жуық адам, 30-дан аса техника жұмылдырылған. Нысанның іргетасы дайын. Ал енді құрылысшылар оның қабырғаларын көтеруге көшкен.
Медігер, “BI-group” компаниясы, құрылыс нарғында 20 жылдан аса жұмыс істейді. Сондықтан ғимарат сапалы әрі берік болады деп сендіріп отыр. Құрылысты олар қыркүйектің соңында бастап кеткен. Ауа райының қолайлылығын пайдаланып, жұмысшылар екі ауысымда еңбек етуде. Әзірге бәрі жоспарға сай жүріп жатыр. Маңызды жәйт, құрылыс материалдарының дені – отандық тауар.
Абай Күлмұратов – ”BI group” құрылыс компаниясының жоба жетекшісінің орынбасары:
– Ғимараттың қаңқасы темір-бетоннан жасақталады. Оны жергілікті кәсіпорындарға тапсырдық, ал арматура Теміртаулық. Сыртын кератвинмен қаптаймыз. Жаңа жылға дейін жұмыстардың 35 пайызын тәмамдауды көздеп отырмыз. Яғни, нысанның қаңқасын құрып, жылу, электр, су және кәріз желілілерін өткізу жоспарда бар.
Болашақ оқушылар сарайының ортаңғы бөлігі 4, ал шеткі бөліктері 3 қабаттан тұратын болады. Биік болмаса да сырт келбеті ерекше, таңдай қақтырмақшы. Мұнда шаһар оқушылары үшін үлкенді-кішілі мәжіліс залдары, 300 орындық кинотеатр, робототехника мен ақпараттық технология сыныптары және түрлі үйірме залдары орналастын болады. Су жаңа сарайдың құрылысына 3,7 млрд теңге бөлінген.
Владислав Лукин – СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
– 1,4 млрд теңге премьер-министрдің тапсырмасы бойынша үкімет резервінен бөлінді. Нысанды 2018 жылдың тамызында тапсыру жоспарланған. Келесі жылы мұнда Ресей және Қазақстан президенттері бас қосатын шекаралас мемлекеттердің форумы өтеді. Кейін ғимарат қала оқушыларының игілігіне жұмыс жасайтын болады.
2019 жылға дейін “Жас өркен” ықшам ауданы адам танымастай өзгереді. Оқушылар сарайынан бөлек мұнда су жаңа 5 тұрғын үй кешені, теннис корты, облыстық прокуратура ғимараты, қазақ театры бой көтермек.
Саят Ермек