Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Парыз» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

Спартак Пушкарёв – «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы:

– Жуырда жаңа фрейзерлік станок алдық. Ол шығаратын өнім түрлерінің мөлшерін көбейтіп, жаңа тауарларды шығаруға мүмкіндік береді. Заманауи құрылғы мұнай газ және машина жасауға қажетті бөлшек, құралдарды көптеп жасауға септеседі. Алдағы жылы тағы 100 млн теңге қаржыны құрылғылар алуға жұмсамақпыз. Мұның барлығы мемлекет қолдауының арқасында мүмкін болып отыр.

Мына залда әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорын өкілдері жиылған. Олар 10 жыл бұрын Елбасының бастамасымен жарияланған «Парыз» және «Еңбек жолы» байқауына қатысуда. Биылғы жылы байқаудың өңірлік кезеңіне 32, ал «Еңбек жолы» сынына 22 серіктестік қатысуда. Бір қуантарлығы жыл санап олардың қатары артып келеді. Бүгін солардың ішінде мықтылары анықталды. Оларды құттықтаған облыс әкімі елімізде бизнесті дамытуға қолдау мығым екендігін айтып өтті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Елімізде бизнесті дамыту үшін түрлі бағдарламалар бар. Шағын және орта бизнестен ағымдағы жылдың жарты жылында түскен салық 18 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Шет елдіктер де біздің кәсіпкерлікті дамытуға жақсы жағдай жасайтындығымызды біледі. Әрине әр бизнесмен өз пайдасын көздейді. Дегенмен халықты ойлайтындар бар.

10 жыл ішінде «Парыз» байқауына 200 – ден астам солтүстікқазақстандық кәсіпорын қатысып, 14-і республиклық кезеңде түрлі номинацияларға ие болыпты. Олардың қатарында бүгін облыс әкімінің алғыс хаттарына ие болған «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС мен «Сұлтан диірмен макарон кешені» АҚ бар. Ал «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын номинациясында» шағын субъектілер арасында ісін ғана емес, күллі ауыл аймағын гүлдендіріп отырған Аққайың ауданындағы «Дайындық -Агро» серіктестігі бас жүлдеге ие болды. Кәсіпорын 21 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Біржан Шәймерденов – «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– 21 жыл ішінде 30-дан астам үй салдық. 5 млнға салынса, Тұрғындар тек 500-мыңын ған төлейді. Биылғы жылы ауылдың ішінде орталық жылу жүйесін өткіздік. Ауқымды жұмыс болды. Үйлердің ішінде жылы. Халық рахатын көріп отыр. Медициналық орталық салынды.Онда халық емделіп жатыр.

Ал бірінші орынды Есіл ауданындағы «Прометей-Агро» серіктестігі иеленді. Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында 1-ші орынға Ғ.Мүсірепов ауданыдағы «Нежинка-Ерке» кәсіпорыны лайықты деп танылды. «Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» және «Үздік ұжымдық шарт» номинацияларында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында бірінші орынды «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалы алса, орта кәсіпкерліктер арасында Уәлиханов ауданыдағы «Мөлдір су- 2016» серіктестігі ие болды. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілерінің ішінде Мамлют ауданыың «Андреевка СК» кәсіпорыны марапатталды.

Экологияға қосқан үлесі үшін ірі бизнес өкілдері арасында «Зиксто» АҚ, орта кәсіпкерлік субъектілері ішінде «Изолит» серіктестігі бірінші орынға лайықты деп танылды. Ал «Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек династиясы» номинациясында бірінші орынды «Севказэнерго» АҚ-нда жұмыс істейтін Зозулялар отбасы иемденді. Оларға 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Ал «Кәсіпорының үздік жас маманы» аталымында «Радуга» ЖШС құрастырушысы Рулсан Толстых оза шауып, бірінші тұғырдан көрінді. «Ахмутдинов» ЖК-нің ағаш шебері Мейірхан Қасымов жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері атанды.

Мейірхан Қасымов – «Ахмутдинов» ЖК ағаш шебері, Қызылжар ауданы:

 


– Жұмыс істеп жатқаныма 12 жыл болды. Соның ішінде 10 жылыдан жастарды тәрбиелеп келемін. Циркуляркада ағаш тілемін. Поддандар жасаймыз. Жекеменщік үйлерге материалдар жасаймыз.

Байқаудың өңірлік кезеңінде оза шапқандар, республикалық конкурсқа жолдама алды. Оларға облыс әкімі сәттілік тіледі.

Мағжан Ахмадина