Қоғам

СҚО-да мамандарды сертификаттау өтті

Валерий Дорошенко – СҚО құрылысшылар одағының атқарушы директоры:

– Бізге қайта оқуға разряды төмен мамандар, не болмаса тәжірибесі бар бірақ тиісті білімі жоқтар келді. Жалпы 6 адам. Оның 5-уі тас қалаушы, ал біреу дәнекерлеуші. Қазір түстен кейін практикалық тапсырмаларды орындауға кіріседі. Оның қорытындысы бойынша тиісті сертификаттарын үлестіреміз.

Практикалық тапсырманы мамандар Жамбыл Жабаев көшесінің бойында тұрғызылып жатқан көпқабатты тұрғын үйде орындады. Құрылыс алаңында 5 тас қалаушы. Олардың бірі Владимир Семёнов. Бұл салада еңбек етіп жүргеніне 10 жыл болыпты. Білікті маман кірпіштерді бірінен соң бірін жылдам орналастырып, тапсырманы жақсы орындады.

Владимир Семёнов – тас қалаушы:

– Емтихан ауыр емес. Тек теориялық тапсырмада аздап қиналдым. Ал практикалық кезең оңай болды. Себебі бұл менің күнделікті жұмысым. Мен бұл сынқтан сәтті өтсем, 4-ші дәрежелі тас қалаушы боламын. Қазіргісі 2-ші разряд.

Жалпы мұндай шара өңірімізде алғаш рет өткізілуде. Ол үшін облыстық құрылысшылар одағының жанынан мамандарды сертификаттау орталығы ашылған. Бұның арқасында теориялық және практикалық тапсырмалардан өткен мамандар еліміздің ортақ реестріне енгізіледі. Бұнымен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айналысады.

Сергей Тимофеев – “Основание” ЖШС директоры:

– Құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген мамандардың біліктілігін арттыру қажет. Оған қоса жаңа кадрларды да даярлау керек. Өйткені маман тапшылығы қатты сезілуде. Біліктілік дәрежелерін арттырған мамандардың алдағы уақытта жалақылар да өседі.

Келесі сынаққа тағы 12 маман қатысады деп жоспарлануда.

 

Риат Шони