МТРА жаңалықтары

Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта

Бұдан былай оларды анықтау тіптен жеңілдеп отыр. Өткен жұмадан елімізде “Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта» акциясы басталды. Мемлекеттік мекемелердің қызметтік көліктеріне арнайы белгі жабыстырылды. Енді кез келген тұрғын осындай жапсырмасы бар автокөліктің қызметтен тыс уақытта басқа жерлерде жүргенін байқаған болса, бұл жөнінде көрсетілген нөмірге хабарласып, уатсап арқылы видео, фото дәлел жіберсе болады.

Қазір Солтүстік Қазақстандағы ауыл, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, облыс орталығындағы мемлекеттік қызметшілердің дені көліктеріне арнайы белгіні жапсырып алған. Жаңа таңбаны қалалық әкімдіктің алдында тұрған біраз көліктен аңғардық. Алғашқылардың бірі болып белгіні темір тұлпарына жапсырған – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев. Тағы бір айта кететін жәйт, жапсырманы көлігіне орнату-орнатпау еркі мемлекеттік қызметшінің өзінде.

Ғалым Тұрсынбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Ауыл, аудан мен өзге де атқарушы мемлекеттік органдарға арнайы хат жібердік. Егер қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдалану фактісі анықталған болса, әрбір жағдай тәртіптік комиссияда, әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралып, тиісті шаралар қолданылатын болады.

 

Акбопе Танирберген