Адай Шаутыбаев – турнир қатысушысы, Көкшетау қаласы:
– Біз Көкшетау қаласынан келдік. Жаңағы ойнаған қарсыласым, менің оқушым. Ұтып кетті. Кеше Астана қаласында да турнир өтті. Бірақ оған қатыса алмадым.
Дәстүрге айналған турнирді “Bowling Centre №1” ойын-сауық кешені ұйымдастырып отыр. Қатарынан 17-ші рет өткізіліп жатқан іс-шараға 19 ойыншы қатысуда. Араларында Петропавл мен Булаевтан бөлек, Қарағанды, Көкшетау, және Грозный қалаларынан келгендері бар.
Гүлнар Мурсалимова-“Боулинг Центр №1” ойын-сауық кешені директорының орынбасары:
– Бүгін біз бильярд ойыншыларының арасында турнир өткізіп жатырмыз. Нөмірі бірінші боулинг ойын-сауық кешені атынан жеңімпазға 50000 теңге сыйлаймыз. Одан бөлек, Парк отель “Пестрое” демалыс аумағы қатысушыларға тегін демалу мүмкіндігі мен “Скиф” қонақ үй кешені фитнес пен SPA процедураларына тегін флаерлар сыйлайды.
Турнирдегі ойын тәртібіне сай, лузаға, яғни, ұяшыққа бірінші болып 8 шар түсірген бильярдшы жеңіске жетеді. Қарсыластар 2 ойын өткізеді. Тең түссе, үшінші – шешуші кезеңде бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты: турнирді әділ өткізіп, ең мықтыны анықтау. Бұл ретте, оларға бас төреші Айдан Сағиев көмектесті.
Айдан Сағиев- турнирдің бас төрешісі:
– Жарыс аясындағы 9 ойынның үшеуі аяқталды. Әзірше, көкшетаулықтар мен қарағандылықтар көш бастап тұр. Жерлестерімізден де жеңіс күтеміз.
Жерлесіміз Алексндр Красноруцкийдің бүгінгі қарсыласы – көкшетаулық Мұрат Құлатаев. 1 де 1 есебімен тең түскен олар шешуші ойында мықтыны анықтайды.
Александр Красноруцкий тек бақ пен сәттілікке сену аздық ететін айтады. Себебі, бұл спорт түрі дәлдік пен ұзақ жаттығуларды талап етеді. Сонда ғана қалаған нәтижеге жетуге болады. Сонымен қатар, психологиялық тұрғыдан дайын болу маңызды дейді жерлесіміз.
Александр Красноруцкий – турнир қатысушысы, Петропавл қаласы:
– Бильярд ойнап жүргеніме 10 жыл болды. Турнирге келген қатысушылар мықты. Жыл сайын жүлделі орындарды көкшетаулықтар бөліп алатын. Бүгін жеңіске жету үшін бар күшімді саламын.
Александрдың білімі мен білігі оны жүлдесіз қалдырмады. Ойын нәтижесі бойынша 1 орын Александр Красноруцкийге және 3-ші орын тағы бір жерлесіміз Егор Пистоговқа бұйырды. 2, 4-ші орындарды көкшетаулықтар еншіледі.