Аптадағы маңызды жаңалықтар

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 80 жылдығы аталды

Ерлан Сағадиев – ҚР Білім және ғылым министрі:

– Елді нығайту жолында университет зор үлес қосып келеді. Университет әр уақытта заман талабына сай, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауда.

Салтанатты жиында түрлі сала мамандарын даярлаған ұстаздардың еңбегі бағаланды. Білім саласына елеулі үлес қосқан университет оқытушылары министрдің қолынан “Еңбек ардагері” медалі және Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні алды. Оқу ордасының торқалы тойы барша солтүстікқазақстандықтар үшін ортақ мереке. Себебі басым көпшілігі өмірге жолдаманы нақ осы ұядан алған болатын. Бүгінде өңірімізде өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздардың 80 пайызы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің түлегі. Мұны жиналғандарға өңір басшысы Құмар Ақсақалов атап өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ өңірімізде жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орыны мен дәстүрлері қалыптасқан, облысымыздың және еліміздің экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған оқу орны. ЖОО құрылған күнен бастап еліміздің тарихи дамуымен бірге қайнасып, алға қойған міндеттерді абыроймен атқарып келе жатыр. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алған уақытта университетте жаңа өзгерістер орын алды. Оқу орны “Балон” процессіне, университеттердің ұлы хартиясына қосылу арқылы әлемдік білім кеңістігінің интеграциялану процессіне бет түзеді.

80 жылдық мерейтойға орай түрлі жылдары білім ошағының дамуына үлестерін қосқан бірқатар жан облыс әкімінің Құрмет грамотасына және Алғыс хатына ие болды. Осы күні университеттің бұрынғы ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ерекше ілтипатқа бөленді. Білікті басшыға “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” атағы берілді.

Ғалымқайыр Мұтанов университетке 90-шы жылдардың басында жетекшілік еткен. Сол кезеңдерде оқу ордасы ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жетістіктерге жеткен. Бірнеше мамандық түрі ашылып, сәйкесінше, оқу корпустарының саны көбейтіліпті.

Ғалымқайыр Мұтанов – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің ректоры:

– Бұл университетте мен 7 жылдай қызмет атқардым. Сіздермен бірге осы университеттті үлкен дейгейге көтердік деп айта аламын. Қазір университет өзінің 80 жылдық мерейтойын атап отыр.

Қазіргі таңда отандық ЖОО-ның арасында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғары беделге ие. Мұнда ғылыми-техникалық парк, астрофизикалық обсерватория және аграрлық бақ бар.

Ақан Жүнісов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

– Жаңадан жобалар дайындадық Петропавл бройлер құс фабрикасымен, Мамлют ауданындағы “Арқалық” ЖШС қымыз өндіруші компаниясымен келісімге келдік. Мал азықтандыруда жаңадан шыққан биологиялық қоспа арқылы өнімділікті ұлғайтпақпыз.

Осы күні ЖОО-ның ұжымын 80 жылдық мерейтоймен М. Қозыбаевтың жұбайы Сара Қозыбаева құттықтады. Салтанатты жиынға университет түлектері де қатысты.

Сәуле Мәлікова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түлегі, тарих ғылымдарының докторы:

– Оқу орнымызды ұмытқан жоқпыз. Әр 10, 20, 30 жыл сайын келіп тұрамыз. Университет түлектері елімізде ғана емес, Ресей мемлекетінде қызмет жасап жатыр. ЖОО-да жұмыс істейді. Жоғары лауазымды қызметттерді атқаруда.

Ресми мәліметке сүйенсек, 80 жылдың ішінде университет қабырғасынан 50 мыңнан астам адам түлеп ұшқан.

Берік Қасен