МТРА жаңалықтары

Сарбаздар ірі көлемде әшекей заттарын жымқырған ұрыны ұстады

Осы сәтте олар жақын маңда шу шығарған 4 азаматты көреді. Жауынгерлер бірден қоғамды тәртіпті бұзғандарға барыпты.

Еламан Айғазинов – ҚР Ұлттық ұлан 6637 әскери бөлімінің әскери жасақ бастығы:

– Біз олардың құжаттарын тексердік. Жай ғана рапорт жазып жібереміз деп ойлағанбыз.

Ішімдікке сылқия тойған жандардың бірі жауынгерлердің құрығынан оңай құтылмақ болады. Ол қатардағы сарбаз Радж Сапарғалиевті жеке алып шығып сөйлесіпті. Әңгіме барысында жас жігітке құны 16 мың теңге болатын алтын алқа ұсынған. Осы бағалы затты алып, өзін босатуды сұрапты. Алайда, бұған Отан қорғаушы көнбеген. Осы сәтте азамат қаша жөнеледі.

Радж Сапарғалиев – ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Ол Пушкин көшесіне қарай жүгірді. 200 метрдей қашты. Азаматқа жетіп алып, ұстадым.

№1 полиция пунктінде тінту барысында азаматтың қалтасынан құны 584 мың теңгенің әшекей заты табылған. Тергеу барысында ұры 43 күміс сақина мен 73 алтын алқаны Ғ.Мүсіреов ауданындағы Новоишимка селосында орналасқан храмнан жымқырғаны белгілі болды. Осы үшін іздеуде жүріпті. Енді, бүгін көзге түскен сарбаздар марапатталуда. 3 жауынгерге де “Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін” естелік белгісі табысталды.

Салтанатты шара Петропавл-Булаев епархиясының канцелярия меңгерушісі Михаил Берёзин де қатысып отыр. Дін өкілі сауысқандай сақ сарбаздарға алғысын білдірді.

Михаил Берёзин – Петропавл-Булаев епархиясының канцелярия меңгерушісі:


–  Ұрыны құрықтауға ат салысқан азаматтардың барлығына алғыс айтамын. Егер де сіздер болмағанда әшекей заттар сатылып кетер еді. Баукеспе де ұсталмайды. Қызметте қырағылық таныттыңыздар. Біз бұл жасаған істеріңіз үшін алғыс айтамыз.

Жиын соңында ҚР Ұлттық ұлан 6637 әскери бөлімінің өнерлі сарбаздары шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Култанов Байболат