Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО жылыту маусымына жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылады

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаражат шілде айында қолдарыңызға тиді. Жөндеу жұмыстары тәулік бойы, үзіліссіз жүруі тиіс еді. Алайда сіздер шаруаны таңғы 9-дан бастап кешкі 6-да аяқтапсыздар. Біз мұны тұрғындардан сұрап, біліп алдық. Неге жалған сөйлейсіздер.

Жыл сайын облыс орталығында жылыту маусымы қыркүйектің 25-і басталады. Қалалық әкімдік биыл бекітілген кестеден ауытқыған жоқ. Өңір жетекшісі бұдан былай ауа-райына қарап, ертерек әрекет жасау керек деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әр үйге жылуды беру кестесі түрліше құрылған. Бір баспанаға қазанның 10-ы, екіншісіне 15-і деп жазылған. Оған қарамай Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы және қала әкімідігі қол қойып жіберген. Сіздер “Қазгидромет” мамандарының ескертулеріне құлақ аспапсыздар. Синоптиктер қыстың ерте басталатынын жазда айтқан болатын.

Аймақ басшысы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына жауапты шенеуніктердің жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жылыту маусымына жауапсыз қарағаны үшін облыс әкімінің орынбасары Антон
Федяев пен Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовка сөгіс беремін.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамовқа қызметіне толық сай емес деп танылды. Аппарат жетекшісі Мадияр Қожахметке аталған тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде тиісті құжаттарды әзірлеуді тапсырамын.

Жылу магистарліне қаладағы барлық баспаналар қосылған. Алайда 20 көппәтерлі үйде жылу параметрлері төмен болып тұр. Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, қазанның 11-і, сәрсенбі күні орталықтандырылған жылу жүйелері толық қуатында жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар тұрғындарды жылу ақысына қатысты мәселелер алаңдатуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кейбір баспаналарда жылу параметрлері төмен болды. Ол үйлердің тұрғындары “Севказэнерго”АҚ-на жылу ақысын төлеуге міндетті емес. Бұл жұмыс баспаналарға жылу жақсы берілген күнен бастап есептелетін болсын.

Жылылту маусымына қатысты сұрақтарға аудан әкімдері де жауап берді. Ғ.Мүсірепов ауданында көпқабатты үйлерден қазандықтар сыртқа шығару жұмыстары сылбыр. Селекторлық байланыста Владимир Дудов жақын күндері істі аяғына дейін жеткізуге уәде берді. Тимирязев ауданында бюджеттік ұйымдарға қажетті көмір қоры жеткізілмеген. Ал Сергеевка қаласында Мәдениет үйінің қазандығы толығымен орнатылып бітпеген. Осы үшін Шал ақын ауданының басшысы жауапкершілікке тартылады.

Таяқтың бір ұшы туризм және кәсіпкерлік басқармасындағыларға да тиді. Олар азық-түлік бағасын қадағаламағандары үшін сөгіс алды. Өңір жетекшісінің көкөніс сақтайтын қоймалар құру жөніндегі тапсырмасы да елеусіз қалған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құралай Амангелдіқызы, өнімнің бағасын тұрақтандыру жөнінде өңірімізде нақты қандай шаралар қабылдануда. Алдағы уақытта көкөністердің бағасы шарықтап кетеді. Ал сіздер әдеттегідей қойманың жоқтығын алға тартып, сылтаумен сытыласыздар.

Өңір басшысы авиациялық зауыттың құрылысына қатысты жобаның жүзеге асырылуын да ерекше назарға алды. Аталмыш нысанға жер учаскесі Қызылжар ауданынан бөлінбекші. Келесі отырыста 9 айда атқарылған шаруа қорытындыланады. Сол бойынша Құмар Ақсақалов аудан әкімдерінің жұмысына баға бермекші.

Берік Қасен