Денсаулық сақтау

Қазақстанда тұмауға қарсы вакциналау маусымы бастау алды

Саят Ермек, тілші:


– Күзгі маусым – тұмау вирустары бас көтеретін шақ. Қазір ауа-райы құбылмалы, ал бүгін далада тіпті қар жауып тұр. Бұл уақытта адамның иммунитеті әлсірейді, сондықтан тұмау мен ЖРВИ жұқтыру қаупі аса жоғары.

Әлем бойынша респераторлық вирустардың 200-ге жуық түрі таралған. Олардан қорғану үшін азаматтар түрлі әдіс-тәсілдердің көмегіне жүгінеді.

– Аяғымды жылы ұстауға тырысамын, сарымсақ жеймін және лимонмен, балмен шай ішемін.

– Күнде таңертең жүгіремін, шынығамын, денеме бір шелек салқын су құямын. Менің ойымша бұл ең тиімді әдіс.

Ия, бұл амалдардың көмек беруі мүмкін. Алайда тұмаудан сақтанудың ең тиімді тәсілі – екпе жасату дейді эпидемиологтар. Қауіпті вирусқа қарсы инені 15 қарашаға дейін салдырған жөн. Бұл мақсатта жергілікті қазынадан биыл 52 млн, 230 мың теңге бөлініп, тәуекел тобына кіретін азаматтар үшін ресейлік “Гриппол плюс” вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынған.

Фарида Мұхамеджанова, СҚО бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Тәуекел тобына, ең алдымен, медицина қызметкерлері кіреді. Кейін жүрек-қан тамырларымен ауыратын және жетім балаларға, егде жастағы адамдарға және 14-тен 38-ші аптадаға дейін жүкті әйелдерге тегін екпе жасалады.

Ал тәуекел тобына кірмейтін, бірақ аурудың алдын алуды көздеген жерлестеріміз ақылы екпе жасата алады. Құны – бір мың теңгенің маңайында. Алайда, денеге салынған бір ине тұмаудың үш түрінен сақтайды.

Фарида Мұхамеджанова, СҚО бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Өткен маусымда азаматтар тұмаудың А3 жәнен В түрлерімен көбірек ауырған. Сондықтан биыл А1 тұмауы басым болады деп күтілуде. Жерлестердің көбі екпе жасатсақ та ауырып қалдық деп шырылдайды. Ине салдырған адамның тұмау жұқтыруы әбден мүмкін. Бірақ ауру жеңіл түрде өтеді және ине салдырған адам асқынудан қаза таппайды. Біз бұған кепілдік береміз.

Екпені әр солтүстікқазақстандық өзі тіркелген емханаға барып жасата алады. Ине салудың алдында пациент толық медициналық тексерістен өтеді. Сондықтан, еш қобалжудың қажеті жоқ дейді мамандар. Жалпы, өткен маусымда 49 мың теріскейлік ЖРВИ-мен ауырған, ал жергілікті зертханаларда тұмау жұқтырған 312 жерлесіміз тіркелген.

Саят Ермек