Спорт

Жеңіл атлет Михаил Литвин Азия ойындарынан жүлделі оралды

Спортшы 19 жасында Өскемен қаласында өткен ел жарысында жүлделі бірінші орынды иеленді. Бұған қоса, ол 400 метрге жүгіруден Қазақстан рекордын жаңартты. Осындай жақсы нәтиже атлетке Катарда өткен Азия чемпионатына жол ашқан. Сөйтіп, ол халықаралық дәрежеде өнер көрсете бастапты.

Михаил Литвин – халықаралық дәрежедегі спорт шебері:


–  Мен осыған дейін 8 жыл бойы футболмен шұғалдандым. Кейін, жеңіл атлетикаға бет бұруды шештім. Спорттың бұл түрін таңдаған себебім – маған жылдамдық қатты ұнайды. Аптасына 5 рет жаттығу өткіземіз. 3-4 сағат бойы шынығып, алда болатын жарыстарға дайындаламыз.

Ал, жуырда ғана Михаил Ашхабад қаласында өткен Азия ойындарынан оралды. Спортшы жеңіл атлетикадан ел намысын қорғап, жүлделі үшінші орынды иеленген. Жарыста жас жігіт межеленген 400 метрде өнер көрсетіп, ондаған елден қатысқан 30-дан астам атлетпен сынға түсіпті. Сөйтіп, дайындықтың арқасында аталмыш қашықтықтағы ел рекордын тағы бір мәрте жаңартқан.

Михаил Литвин – халықаралық дәрежедегі спорт шебері:


–  Қарсыластарым мықты болды. Мен олармен 2013 жылғы Азиялық юниорлар чемпионатынан таныспын. Олардың мүмкіндіктерін білгендіктен, бір жыл бойы жаттықтырушымызбен мықтап дайындалдық. Бұған 2015 жылы алған жарақатым кедергі келтірді. Алайда, алар асуым көп деген сенімдемін. Әлі Қазақстан ғана емес әлем рекордын жаңартуға бар күшімді саламын.

Жас спортшыны қаңтар айында Өскемен қаласында өтетін ел чемпионаты күтіп тұр.

 

Эльмира Сәдуақасова