Балалар

Өңірде “Рухани жаңғыру: Жастар энергиясы” атты 1 күндік лагерь өтті

Белсенді ұл-қыздар күннің алғашқы жартысында арнайы тренингке қатысқан. Онда мамандар ұжым болып жұмыс істеудің ережелерін түсіндіріпті. Енді, қазір акт залында маңызды кездесу ұйымдастырылуда. Жиында жерлестерімізге Астана қаласынан келген қонақтар Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласындағы басым бағыттарды түсіндірмек. Алдымен сөз кезегін “Бюро-100” қозғалысының мүшесі Дәурен Қайсаров алды. Азамат өскелең ұрпақ заманауи технологияны меңгерумен қатар адами капиталды қалыптастыра білуі керек дейді.

Дәурен Қайсаров – “Бюро-100” қозғалысының мүшесі, Астана қаласы:

– Адам өзінің капиталын дамыту керек. Туған жерін, ата-бабасын, тарихын білген дұрыс.

Кездесуде “Бюро-100” қозғалысының мүшелері жастарға Елбасы мақаласындағы “100 жаңа есім” атты жобаны әңгімеледі. Аталған бағдарлама арқылы халыққа танылмаған дарынды адамдар анықталатыны белгілі. Әзірге, еліміздегі үздік жандардың қатарына қосылу үшін 2 мыңнан аса тұрғыннан өтініш түскен. Оның 300-ден астамы теріскейліктерден жолданыпты. Бұл жоба ұл-қыздарға қызықты болды.

Саида Бекбуди – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

 

– “100 жаңа есім” атты жобаның жастар үшін пайдасы зор. Бағдарлама арқылы дарынды тұлғаларды біліп, үлгі аламыз.

“Рухани жаңғыру: Жастар энергиясы” атты лагерь 1 күнге созылды. Шара соңында ұл-қыздар естелік суретке түсті, атқа мінді, садақ атып уақытты қызықты өткізді.

Байболат Бектемірұлы