Қоғам

Еңбеккерлерді әскери есепке қоюдың жаңа тәртібі түсіндірілді

Алайда кадр бөлімі қызметкерлерінің дені жаңа ережелерден хабарсыз. Осы мақсатта қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Жандос Жаманбалинов қала мекемелері мамандарын жинап, тіркеу тәртібіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді.

Жандос Жаманбалинов, Петропавл қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы:

– Әр мекемеде жұмыскерлерді әскери тіркеуге қоюға жауапты маман болуы тиіс. ҚР қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес әскери билеті немесе тіркелу куәлігі жоқ азаматтарды сіздер жұмысқа қабылдай алмайсыздар. Сонымен қатар, қызметкерлердің әрқайсысы қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармада әскери тіркеуге тұруы тиіс. Естеріңізде болсын, бұл ережені бұзғандар қатаң жазаланатын болады.

Әр айдың 25-не дейін кадр бөлімінің мамандары жұмыстан шыққан немесе жаңадан қабылданған әскери міндеттілер жайлы ақпаратты басқармаға тапсырып отыруы тиіс. Ал үстіміздегі жылдың 1-ші желтоқсанына дейін әскери тіркеуде тұрған қызметкерлердің тізімі дайын болуы керек. Осы және басқа да нұсқаулықтарды уақытылы орындамаған немесе елемеген кәсіпорын қызметкерлері мен жетекшілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Шыңғыс Сүлейменов, Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының аға маманы:

– Әскери міндеттілердің тізімін уақытылы немесе мүлдем тапсырмаған шағын кәсіпорын субъектілеріне – 20 АЕК, орта кәсіпорын субъектілеріне – 30, ал ірі кәсіпорын субъектілеріне 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Онымен қоса, мекеме әскерге шақырушыларды медициналық комиссияға еш кедергісіз жіберуі тиіс. Өйтпесе, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал денсаулық сақтау мекемелері басқармаға қыркүйек айынан желтоқсанға дейінгі уақытта стационарлық емдеуден өткен әскери міндеттілер жайлы ақпаратты тапсыруы тиіс.

Саят Ермек