МТРА жаңалықтары

30-шы қыркүйек әділет органдары қызметкерлерінің төл мерекесі

Олар ел өміріндегі барлық тарихи оқиғалардың ортасында болып, егеменді мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыруға мол үлесін қосуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров осы сала мамандарының жауыпты жұмысын атап өтіп, төл мейрамдарымен құттықтады.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:


– Кез келген адамда бір мәселе туындаса, ол ең алдымен әділет органдарының мамандарына жүгінеді. Сондықтан, осы саланың ел үшін маңызы өте зор.

Бүгінде әділет органдары өз жұмыстарын оңтайландыру мақсатында аянбай еңбек етуде. 25 жыл ішінде мерейтой иелерінің жеткен жетістіктері бірталай. Мәселен, бүгінде сала мамандарымен көрсетілетін кейбір қызметтерді санаулы минуттар ішінде электронды түрде алуға болады. Жалпы, елімізде мемлекет басшысының Жарлығымен 2012 жылдан бастап 30 қыркүйек – Әділет органдары қызметкерлерінің төл мерекесі ретінде бекітіліп, биыл бесінші рет аталып өтілуде. Кәсіби мейрамдары қарсаңында сала үздіктері облыс әкімінің құрмет грамотасы және төс белгілерімен марапатталды.

Әділет органдарының дамуына елеулі үлес қосқан жандар арасында Ақсу Әлімжанова да бар. Нәзікжанды бұл салада 2011 жылдан бастап қызмет етуде.

Ақсу Әлімжанова – СҚО әділет департаменті бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:


–  Біздің міндетіміз – заңдардың орындалуын қадағалап, Елбасы белгілеген стратегияны жүзеге асыруға ат салысу. Жыл басынан департаментке 2 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың 80-дейі қазір қаралу үстінде, қалғандарына тиісті жауап қайтарылды.

Жиын барысында, сондай-ақ, департамент қызметкерлері арасында өткен спартакиаданың қорытындысы жасалды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

Эльмира Сәдуақасова