Мәдениет

СҚО қуыршақ театрының актрисасы Наталья Гузеева зейнетке шықты

Наталья Гузеева – Облыстық қуыршақ театрының актрисасы, ҚР мәдениет қайраткері:

– Мектеп қабырғасынан бері сахнада жүрмін. Мен үшін театр – жұмыс қана емес, себебі сомдаған әр рөлден ләззат аламын. Мәселен, бүгін қу түлкіні, ертең қарт әжені ойнауым мүмкін. Шымылдықтың артында екі бүгіліп, қуыршақты басқару да оңай емес. Алайда, балалар театрын таңдағаныма еш өкінбеймін. Жеткіншектердің ой-санасын қалыптастыруға үлес қосу – мен үшін үлкен абырой.

Сахнадағы еңбек жолын Наталья Борисовна 1977 жылы Н. Погодин атындағы орыс драма театрынан бастапты. Ал, қуыршақ театрына 92-ші жылы келген. Осымен 25 жыл мәдениет ошағының қабырғасында өңір бүлдіршіндері үшін талмай еңбек етіп келеді. Сомдаған рөлдеріне сан жетпейді.

Мейрам Сексенбаев – Облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

– Біздің ортамыздан зейнет еңсерген алғашқы актриса. Ортамызда әлі жұмыс істеуге ниет білдіріп жатыр. Өте қуаныштымын.

Еңбек демалысына шығарып салу салтанатына актрисаның туған-туыстары, сахналас әріптестері мен жолдастары жиналған. Туған күн иесіне олар жылы лебіздерін білдіріп, сый-сыяпаттар мен гүл шоқтарын табыстап жатты. Ән шашулар да аз болмады.

Қонақтардың ішінде жалғыз немересі Егор да бар. 8 жасар бүлдіршін әжесінің туған күніне өлең жаттап келіпті.

Зейнет жасын еңсерген сахна шебері мансабын тәмамдауды ойламайды да. Бүлдіршіндер үшін әлі де еңбек етуге әзір.

Саят Ермек