Әр түрлі

Қалалық ТЖБ өрт қауіпсіздігі акциясын өткізді

Никита Мархалюк – Петропавл қалалық ТЖБ инженері:

– Жыл басынан бері Петропавлда 161 өрт оқиғасы орын алды. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 5 адам ауыр жарақаттанған. Келтірілген залал мөлшері 34 млн теңгеден асады. Бұл акция осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мен тұрғындардың сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Үгіт-насихат шарасының форматы үйреншікті. Құтқарушылар сауда орталығындағы тұрғындарға жақындап, оларға пеш жаққанда немесе газ плитасын пайдаланғанда абай болып, кішкентай балаларды тез жанғыш заттармен оңаша қалдырмау керектігін түсіндірді. Кейін әр адамға түрлі-түсті шарлар мен жадынамалар табыстады.

Ал, тұрғындар бұл бастаманы жылы қабылдады. Асығыстық немесе құлықсыздық танытқандар болмады бүгін. Керісінше, петропавлдықтар өрт сөндірушілердің кеңестеріне құлақ түріп, базарлықтарды қабылдап жатты.

Ольга Щепеткина – қала тұрғыны:

– Мен жер үйде тұрамын. Басапананы газбен жылытамын. Мұндай ақпарат мен үшін өте маңызды. Үйге барғасын мына жадынамаларды міндетті түрде оқып шығамын.

Айта кетейік, қыркүйектің 11-нен бастап өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы өтуде. Шара қазанның 15-не дейін жалғасады.

 

Саят Ермек