Мәдениет

Петропавлда жас әншілердің “Жас қанат” облыстық байқауы өтті

Таңат Бейсенбаев, СҚО халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметі орталығының бөлім басшысы:

– Шараны Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырып отырмыз.Байқау 17 мен 30 жас аралығындағы әншілерге арналған. Облысытың барлық аудандарынан және Петропавл қаласынан қатысуда. Әндерге қойылған талаптар жоқ.

Байқауда Муслим Магамаевтың “Синяя вечность”, Батырхан Шүкеновтың “Отан ана” және көпшілікке әйгілі “Титаник” фильмінен таныс “My heart will go on” секілді зор дауысты қажет ететін әндер орындалды. 

Ал, Ғабит Мүсірепов ауданынан келген Алма Жанай Мөлдір Әуелбекованың репертуарындағы “Өсиет” әнін дайындапты. Композиция – дәстүрлік нақышта. Алайда, вокалдық тұрғыда классикалық әндерге дес бермейді дейді бойжеткен.

Алма Жанай, байқауға қатысушы, Ғ. Мүсірепов ауданы:

– Бұл вокалдық тұрғыдан өте күрделі ән. Бірақ жақсы орындайтыныма сенімдімін. Қатысушыларға сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін.

Әнші Дәурен Оразбеков “Новая волна” және “Славянский базар” секілді халықаралық фестивальдерде еліміздің атынан қатысып жүр. Ол бүгін сахнаға шықпайды, керісінше сахнадағы жас дарындардың өнерін сынайды. Байқауға елордадан арнайы шақырылған әділқазы өзінің бағалау критерийлерімен бөлісті.

Дәурен Оразбеков, әнші, қазылар алқасының мүшесі:

– Көптеген республикалық және өңірлік байқауларда әділқазы міндетін атқарғанмын. Бұл істе тәжірибем бар. Бүгінгі байқауда ең алдымен әншінің дауыс ырғағына, күшіне және сахнада өзін-өзі ұстауына көңіл бөлемін. Бұл өнер адамы үшін ең негізгі қасиеттер.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені иеленген және бөлек аталымдарда топ жарған күміс көмей әншілер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Саят Ермек