Ауыл шаруашылығы

Орақ науқаны аяқталуға шақ қалды

Бүгінгі күні Аққайың ауданындағы ірі агроқұрылымдардың бірі “Черкасс” ЖШС-нің №3-ші бөлімшесінде орақ науқаны қарқынды жүріп жатыр. Серіктестіктің иелігінде 7300 гектар жері бар. Күзгі жиын-терімді қыркүйектің 12-сі күні бастаған олар, барлық алқаптың 87 пайызындағы алтын дәнді бастырыпты. Шаруашылық жетекшісі Абылай Мәженов, биылғы гектар берекелігі жаман емес, – деп отыр.

Абылай Мәженов – “Черкасс” ЖШС №3-ші бөлімшесінің басшысы, Аққайың ауданы

– Бидайды орып жатырмыз. 93 гектар бидайды оруды таңертең бастадық. Құдай бұйыртса, бітіреміз. 400 гектар арпаның 10-ын орып алдық. 300-і қалды. Енді ауа райына байланысты 7-10 күн ішінде бітіреміз.

Мына жерде “Дон” және “Енисей” комбайндары ырыс дәнін тікелей бастыруда. Бұған дейін жауған қардың салдарынан бидайды жинау техникаға ауыр соғуда. Дегенмен ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мұндағылар егіс алқабындағы жұмыстарға барлық күшті жұмылдырған. Дала басында зырылдап жүрген мына комбайндардың бірін механизатор – Арман Дүйсенбеков тізгіндеген. Оның аталған серіктестікте еңбек етіп жүргеніне 6 жылдай болып қалыпты.

Арман Дүйсенбеков – “Черкасс” ЖШС №3-ші бөлімшесінің комбайншысы, Аққайың ауданы

– Әрине, егіс даласы саз болғандықтан, комбайн мен астық тасымалдайтын камаздардың жүріп-тұруы қиындау болып тұр. Осының салдарынан техникамыз жиі істен шығып тұрады. Комбайндарға бидайды бастыру тіптен қиын. Бірақ та уақытты өткізіп алуға болмайды, барынша жинауға тырысып бағудамыз.

Қазір мұндағылар әр минутты тиімді пайдаланып, орақ жұмыстарын тез арада аяқтауды көздеп отыр. Оған қажетті техникалары да жеткілікті. Бірақ техника болғандықтан, істен шықпай тұрмасы анық. Сондықтан серіктестік арнайы қырман басында жөндеуді қажет ететін комбайндарды осы жерде ретке келтіреді. Ал дала басынан әкелінген ырыс дәні мына қырманға жеткізіледі. Биылғы астықтың ылғалдылығы шамадан тыс жоғары болғандықтан, жұмысшылар алғашқы кептіруден осында өткізеді.

Санаил Акимов – “Черкасское” ЖШС №3-ші бөлімшесінің қамба меңгерушісі, Аққайың ауданы

– Біз күніне 500 тонна астық қабылдаймыз. Жеткізілген ырыс дәнін арнайы механикалық тоқтан өткіземіз. Тазартылған алтын дәнді тездетіп элеваторға жеткіземіз.


Жалпы аққайыңдық шарулар орақ науқанын 83 пайызға орындаған. Соның ішінде 135 мың гектары бастырылыпты. Жалпы орташа алғанда гектар берекелігі 16 центнерден өнім алуда. Шаруашылықтар орақ науқанын апта соңына дейін аяқтамақ.

Бакыт Садуакасов.