Құқық қорғау органдары

Петропавлда тәртіп сақшыларымен күзет қызметінің мамандары оқу-жаттығу шараларын өткізді

Букмекер кеңсесінің қызметкері қарақшыға қарсылық көрсетпеді. Бірақ, оған байқатпай “дабыл түймесін” басып үлгерді. Содан соң әп-сәтте оқиға орнына осы нысанды өз бақылауында ұстайтын жеке меншік күзет агенттігінің қызметкерлері келіп жетті. Олар қарақшыны құрықтап, полицияға тапсырды.

Қылмыспен күресте осындай жағдай орын ала қалса тәртіп сақшылары мен күзет қызметтері әрдайым сақадай-сай болулары керек. Әрі бұл мекеме мамандарының шапшаңдығын арттырып, дұрыс шешім қабылдауға септеседі. Мұндай оқу-жаттығу шаралары тоқсан сайын өткізіліп тұрады екен.

Айдар Нағыметов, СҚО ІІД күзет қызметін бақылау бойынша бөлімнің аға инспекторы:

– Бұл шараның басты мақсаты – күзет қызметінің сарбаздары мен тәртіп сақшыларындағы жұмысты тиімді қыла түсу. Бүгіндері өңірімізде 102 күзет жасақтары құрылған. Олардың арқасында жыл басынан 38 қылмыстың беті ашылып, 700-ге жуық құқықбұзушы құрықталып полицейлерге жеткізілді.

Қала аумағында 7 күзет қызметі жұмыс істейді. Олардың барлығында да орталықтандырылған бақылау пульті мен жедел әрекет ету тобы бар. Жалпы жыл басынан осы құрылымдардың көмегімен 40-қа жуық құқықбұзушылық анықталып, бақылаудағы нысандарда 32 ұрлықтың алдын алуға мүмкіндік берді.

Тогжан Акмагамбетова